Алматыда «Айбын» Халықаралық жиыны басталды

Алматыда «Айбын» Халықаралық жиыны басталды

Х «Айбын» Халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны Алматыда Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстан командаларының басын қосты. Шараға барлығы 14-17 жас аралығындағы 750 жасөспірім қатысуда. Жарыс тұңғыш Қорғаныс министрі, генерал  Сағадат Нұрмағамбетовтың 100 жылдығына орайластырылды. Президенттің құттықтау сөзін қатысушыларға Қазақстан Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы оқыды.

 

Ғизат Нұрдәулетов, ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы:

– Жақын уақытта сіздер өздеріңіздің күш, ептілік, шыдамдылықтарыңызды сынап, білімдеріңізді көрсетесіздер. Сонымен қатар, жаңа әскери техникалармен танысып, жаңа достар табасыздар. Ең бастысы, тек тәртіп пен жауапкершілік және өзара көмек пен ұйымшылдық қана әскери өнерде жетістікке жеткізетінін түсінесіздер.

 

Жас өрендер бір аптаға созылатын жарыс барысында ұлттық спорт түрлері бойынша бақтарын сынайды. Одан бөлек, жас өнертапқыштар конкурсында өз туындыларын ұсынып, интеллектуалдық ойындарда сайысқа түседі. Жарыста әскери-қолданбалы сайыс пен әскери техника көрмесі өтеді.

 

Темірлан Бақыт, «Алатау қырандары» командасының командирі:

– «Айбын» - бұл өте керемет патриоттық сезімді оятатын жиын деп санаймын. Жалпы осы жиында біз өзіміздің ар-намысымызды көрсетіп, әскери дайындығымызды пысықтадық. Мемлекеттік рәміздерімізді, соларды көтеріп және де әскери-патриоттық сезімді оятуға келген болатынбыз.

 

Олег Соловцов, Минск Суворов училищесінің кадеты:

– Өте жақсы әсер алып жатырмыз. Бұл жарыс әр ел жастары арасында қарым-қатынас орнату үшін өткізіліп жатыр деп санаймын. Біз жарты жыл көлемінде дайындалдық. Себебі, біздің училищеде әркез дайындық жүргізіледі. Жақсы нәтиже көрсетіп, жоғары орындардан табыламыз деген үміттемін.