Бүгінде Қазақстан халықаралық кинофестивальдердің тұрақты қатысушысы. Бұл жолы таңғы шық елінде өтіп жатқан 27-ші Пусан халықаралық кинофестивалінде Фархат Шәріповтың «Схема» фильмі ең үздік азиялық фильм атағына таласады. Танымал байқауда қазылар алқасы актриса Жанар Айжанованың жұмысына жоғары баға берді. Ол ең үздік әйел рөліне үміткерлердің бестігіне енді. Актрисаның айтуынша, мұндай беделді кинофорумға қатысудың өзі жеңіс.
Жанар Айжанова, әнші, актриса:
- Киноға кеше ғана келгенмін, әлі 10 жыл болған жоқ. 6-7 жылдың ішінде көзге ілігіп келіп, үздіктердің қатарына кірген менде арман жоқ. Сондықтан да біздің жастарымызға біздің жолымызды берсін, бізден әрі қарай асып кетсін, фестивальдардан қалмасын, жүлделі орынға ие болсын.
Кинофестивальге режиссер Дарина Манапова да қатысуда. Бұл жерде оның шетелдік әріптестерімен бірлесе түсірген фильмінің көрсетілімі болады. Даринаның картиналары бұрыннан белгілі болғанымен, ол үшін Пусан киноакадемиясында оқу жаңа жетістіктерге апаратын жол.
Дарина Манапова, режиссер:
- Мен мұнда 10 адамнан құрылған командамен бірге фильм түсіріп жатырмын. Менімен бірге 3 режиссер 10 күн бойы 1 қысқаметражды фильмді түсіреміз. Оның алдында бір айлық өндіріс алдындағы дайындық бар. Бұл шын мәнінде бірегей бағдарлама, өйткені, менің ойымша, Азияда баламасы жоқ. Бізбен күнде сөйлесетін және бұл сирек кездесетін жоғары санатты мамандардан, тәлімгерлерден кеңес алуға үлкен мүмкіндік бар.