Лаңкестік топтармен күрес олардың толық жойылуына дейін тоқтамай жалғасуы тиіс. Астана форматындағы халықаралық кездесу қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында Ресей Президентінің Сирия бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша, террористік ұйымдармен күрес барысында мүлдем босаңсуға болмайды. Спикердің пікірінше, Сириядағы жағдайды тұрақтандырумен қатар халыққа гуманитарлық көмек жасауға басымдық берілуі тиіс. Бұл жүдеген халықты азық-түлікпен қамтамасыз ету және бұзылған инфрақұрылымды жаңғыртуға қатысты болуы керек. Бұл пікірді сессияға қатысушылардың дені құп көрді. Халықаралық қоғамдастықтың басты мақсаты – Сирияның әр бөлігіне бірдей көмек көрсету механизмін құру.
Александр Лаврентьев, РФ Президентінің Сирия бойынша өкілі:
- Бұл – біздің позициямыз. Біз оны қолдануды осыдан бір жыл бұрын ұсынған едік. Трансшекаралық операцияларға қатысты арнайы резолюцияны ұзарту шешімін қолдаған кезде айтқан болатынбыз. Трансшекаралық механизм мен гуманитарлық көмекті жүзеге асыру – жәрдемнің бір бөлігі ғана. Сирия Республикасының істен шыққан инфроқұрылым нысандарын қалпына келтіру ісіне баса назар аударылуы керек. Тек осы арқылы ғана сириялықтардың азап шегуін жеңілдетіп, бейбіт халықтың қалыпты өмір сүруі мен еңбек етуін қамтамасыз ете аламыз.
Сондай-ақ кездесуге қатысушылар Женевадағы конституциялық комитеттің жұмысын жандандыру бойынша пікір білдірді. Александр Лаврентьевтің айтуынша, бұл жұмысты созбай, дереу қолға алу керек. Осыған орай 6-шы шақырылымның отырысын жақын арада өткізу керектігін тілге тиек етті.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов