Мемлекет басшысы Түркия Вице-президентін қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев елімізге алғаш рет сапармен келген Джевдет Йылмазға ілтипат білдіре отырып, бауырлас Түркия Қазақстанның стратегиялық серіктесі екеніне назар аударды. Әңгімелесу барысында екі елдің ынтымақтастығын нығайту әлеуеті талқыланды. Соның ішінде өңдеу өнеркәсібі, энергетика, логистика, АӨК, білім және туризм салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мүмкіндіктері қарастырылды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгін Астанада өткен Үкіметаралық комиссия қорытындысы екі елдің сан қырлы әріптестігін одан әрі жандандыра түсетініне сенім білдірді. Бұдан бөлек, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер, Таяу Шығыстағы күрделі ахуал жөнінде пікір алмасты. Қазақстан Президенті Түркияның аймақтағы тұрақтылықты қамтамасыз етудегі рөлін жоғары бағалап, алдағы Анталия дипломатиялық форумына қатысатынын растады. Өз кезегінде Джевдет Йылмаз Президент Режеп Тайип Ердоғанның сәлемі мен ыстық ықыласын жеткізді. Түркия көшбасшысы Қазақстанға мемлекеттік сапарына және Түркі мемлекеттері ұйымының Түркістандағы бейресми саммитіне ерекше мән беріп отырғанын мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Дипломатиялық қатынас
орнаған 35 жылға жуық уақыт ішінде біз көптеген биік белесті бағындырдық.
Қарым-қатынасымыз жоғары қарқынмен дамып келе жатыр. Арамызда ешқандай түйткіл
жоқ. 14 мамырда Президент Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келеді.
Сапар аясында Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің кезекті отырысын өткіземіз.
Жаңа келісімдерге қол қоямыз.
Джевдет Йылмаз, Түркия Вице-Президенті:
- Көрсетілген қабылдау үшін шынайы алғысымды білдіруге
рұқсат етіңіз. Сондай-ақ, Сізге Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның және
бүкіл түрік халқының жылы лебізін жеткізгім келеді. Сіздің басшылығыңызбен
Қазақстанда іске асырылып жатқан жүйелі реформалар елдің тұрақтылығын бекемдей
түседі деп сенеміз. Референдумда қабылданған жаңа Конституция еліңіздің одан
әрі дамуына қызмет етуін шын жүректен тілейміз.

