Мемлекет басшысы мен Аспан асты елі Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасарымен Ақордада өткен кездесуде қазақ-қытай стратегиялық серіктестігінің даму перспективаларын, сондай-ақ бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Си Цзиньпин қол жеткізген уағдаластықтарды екі ел үкіметтерінің іске асыру барысын талқылады. Қытай – республикамыздың сенімді серіктесі. Сонымен қатар Президент аспан асты елімен екіжақты қарым-қатынасты мүлде жаңа деңгейге көтеру Қазақстан үшін маңызды басымдық саналатынын атап өтті. Өз кезегінде Лю Гочжун Қытай мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын тілге тиек етті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Екіжақты сауда-саттықтың көлемі бойынша көш бастап тұрған Қытай – Қазақстанның жетекші сауда-экономикалық серіктесі. Өткен жылдың қорытындысы бойынша екі ел арасындағы тауар айналымы 40 миллиард долларға жетті. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Біз мұны 100 миллиард долларға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. Бұл мақсатқа қол жеткізуге болады.
Лю Гочжун, ҚХР Мемлекеттік кеңесі Премьерінің орынбасары:
– Қытай халқының сыралғы әрі ізгі ниетті досы ретінде Сіз осы жылдар ішінде Қытай мен Қазақстан қатынастарының дамуына сүбелі үлес қостыңыз. Мұны қытай тарапы жоғары бағалайды. Сіздің басшылығыңызбен еліңіз қуатты, гүлденген Жаңа Қазақстанды құру жолында ілгерілей беретініне сенімдімін.