Қазақстан Түрікменстанға экспорттың жалпы көлемін 80 тауар түрі бойынша 120 миллион долларға дейін ұлғайтуға дайын. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өзара тауар айналымы жарты миллиард доллардан асты. Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Түрікменстан Президентімен кеңейтілген келіссөздер жүргізу барысында мәлімдеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Бес жыл ішінде өзара сауда көлемі іс жүзінде төрт есе ұлғайды. Түрікмен тарапы қаржы құйған 150-ден астам компания сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Өнеркәсіп, көлік, логистика және басқа да салалардағы бірқатар жобалар іске қосылмақ. Энергетика саласындағы, атап айтқанда газ бойынша өзара байланыс беки түскен. Бұған үкіметаралық комиссияның тұрақты түрде өткізілетін кездесулері мен іскерлік кеңестің белсенді жұмысы үлес қосуда.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Сердар Бердімұхамедов келіссөздер қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері алдында бірлескен мәлімдеме жасап, екіжақты құжаттар жөнінде пікір білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Энергетика саласындағы ықпалдастықты кеңейту басым міндет ретінде белгіленді. Соңғы жылдары бұл бағытта айтарлықтай ілгерілеу бар. Қазақстан Түрікменстанның газ-конденсат кен орындарын игеру, сондай-ақ құбыр инфрақұрылымын кеңейту жобаларына белсенді қатысуға ниетті. Бүгін QazaqGaz компаниясы мен «Түрікменгаз» мемлекеттік концерні арасында газ саласындағы ынтымақтастықты дамыту туралы келісімге қол қойылды.
Қазақстан мен түркімен елі мұнай-газ және көлік тасымалы салаларында ынтымақтаса жұмыс істеуге ниетті. Сондай-ақ тараптар Түрікменстанда қазақстандық жоғары оқу орындарының филиалдарын ашу мәселесін қарастыруға уағдаласты.
Сердар Бердімұхамедов, Түрікменстан Президенті:
– Екі ел ықпалдастығының нақты бағыттары айқындалды. Келіссөздер өзара сенімге және ашықтыққа негізделген қарым-қатынас дәстүрінен айнымай, сындарлы әрі мазмұнды сипатта өтті. Саясат, экономика және мәдени-гуманитарлық салалардың барлық бағыты бойынша қалыптасқан екіжақты диалогтің қазіргі деңгейіне жоғары баға берілді.
Мемлекет басшысының ресми сапары аясында тараптар түрлі бағытты қамтитын 20 құжат және екі ел арасындағы достықты нығайту және көпжақты стратегиялық серіктестікті тереңдету туралы декларацияны қабылдады.