Қ. Тоқаев Ашхабадта Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына қатысты

Қ. Тоқаев Ашхабадта Халықаралық бейбітшілік және сенім форумына қатысты

Қазақстан Президенті Халықаралық бейбітшілік және сенім жылына арналған форумға қатысу үшін Ашхабадқа барды. Мемлекет басшысын Түрікменстан Халк Маслахатының Төрағасы қарсы алды. Қасым-Жомарт Тоқаев Гурбангулы Бердімұхамедовпен, кейін Түрікменстан Президентімен кездесті. Тараптар сауда көлемін арттыру, экономикалық байланыстарды күшейту, энергетика, көлік-логистика және ауыл шаруашылығы салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін қарастырды. Қасым-Жомарт Тоқаев осы бағыттарды дамыту әлеуеті жөннінде толығырақ форум барысында тоқталды. Осы орайда Қазақстан Орта дәліздің мүмкіндіктерін дәйекті түрде кеңейтіп, біртұтас транспорт жүйесін қалыптастыруға кіріскенін жеткізді. Сондай-ақ, ол халықаралық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қолдау үшін стратегиялық теңгерімді қалпына келтірудің, әділ әлемдік тәртіп орнатудың маңызды екенін айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Осы орайда еліміз Украинадағы қақтығысты реттеу бойынша келіссөз процесінің жандануына қолдау білдіреді. Таяу Шығыстағы жағдай бойынша келісімге қол қойылуын құптаймыз. Қазақстанның Ибраһим келісімдеріне қосылу жөніндегі шешімі аталған аймақтағы ахуалды тұрақтандыруға үлес қосу ниетінен туындап отыр. Әйтсе де Қазақстан ұзаққа созылған әскери-саяси дағдарысты түбегейлі реттеудің маңызды факторы ретінде егемен Палестина мемлекетін құру ұстанымын жақтайды. Әзербайжан мен Армения бейбітшілік туралы бірлескен декларацияға қол қойды. Біз мұны тарихи шешім деп санаймыз.

Қазақстан дінаралық, этносаралық және мәдениетаралық диалогты нығайтуға айрықша назар аударады. Президент елімізде 20 жылдан астам уақыттан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі ұйымдастырылып келе жатқанын еске салды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- Таяуда Астанада өткен VIIІ Съезде Қазақстан «Бейбітшілік қозғалысы» деп аталатын бастама көтерді. Бұл шын мәнінде қантөгісті тоқтатуға, келешек ұрпақ алдындағы ортақ жауапкершілікті сезіне отырып, бітімге келу жолын іздеуге үндеу еді.

Мемлекет басшысы Арал және Каспий теңізіндегі экологиялық ахуалға да назар аударды. Оның пайымдауынша, жаһандық су дипломатиясын дамытуда мемлекеттер арасындағы ықпалдастықтың маңызы зор. Бұл ретте Қазақстан Халықаралық су ұйымын құруды ұсынады.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

- UN-Water ведомствоаралық тетігін БҰҰ-ның толыққанды арнаулы агенттігіне немесе ұйымына айналдыру оңтайлы шешім болар еді. Мұндай бастаманы іске асыру БҰҰ-ның орнықты даму мақсаттары мен барша халықаралық қоғамдастықтың мүддесіне сай келеді. Келесі жылы сәуір айында Астанада Аймақтық экологиялық саммит өтеді. Аталған жиында Қазақстан жаһандық су ұйымын құру туралы халықаралық консультация процесін бастауға ниетті.

Қазақстан Президенті сөзін қорытындылай келе, Ашхабад форумы мүдделі мемлекеттердің жасампаз серіктестігін нығайтуға тың серпін беретініне сенім білдірді. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?