Достық, шығармашылық пен шабыттың мекені. Silk Way Star мега жобасына
қатысушылар мен әділ қазылар алқасы мүшелерінің байқау жөніндегі ортақ пікірі
осыған саяды. Ән бәйгесі елордалық сахнада 12 ел орындаушыларының басын қосты.
Олар өнер сүйер қауым назарына вокалдық қабілеттерін паш етумен қатар, төл
мәдениеттерін насихаттайды. Жоба жүргізушісі Шыңғыс Бейбітұлының айтуынша,
шоуды түсіруге дайындық пен оның түсірілімі қатаң құпияда сақталады. әрбір
шығарылымы үшін арнайы жасалған костюмдер мен бейнелерді әзірге әлеуметтік
желілерде жариялауға болмайды. Көрермен бар қызыққа байқаудың тұсаукесер
түсірілімінде бірақ қаныға алады.
Шыңғыс Бейбітұлы,
Silk Way Star жобасының жүргізушісі:
- Сахнадағы атмосфераны
сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Өте әсерлі. Әрине, байқау болғандықтан
бәсекелестік бар. Себебі әрбірі ел үмітін ақтап, намысты қолдан бермеуге
тырысады. Дейтұра бұл тек сахнада, ал оның сыртында бәрі дос. Бір бірімен жақсы
қарым-қатынас жасайды. Мен өзімді жұмыста емес, достарымның ортасында жүргендей
сезінемін.
Малайзиядан келген қазылар алқасының мүшесі де ортада достық лебі ескен жобаның
жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын айтады. Бұл Қазақстанның халықаралық аренада
мәртебесін асыратын мәдени шара екенін алға тартады.
Дания Дато, Silk Way
Star жобасының қазылар алқасының мүшесі:
- Мен түрлі елдердің
елшілерімен кездестім. Олармен «Silk Way Star» және Қазақстан жайлы білгеніммен
бөлістім. Мұнда өз достарымды, отбасымды шақырдым. Сондай-ақ көршілес Азия
елдерінің - Индонезия, Таиланд, Филиппин, Камбоджа, Сингапур өкілдерін тартуға
ниеттімін. Бұндағы кереметтерді бәрі көруі тиіс. Биыл Малайзия АСЕАН саммитіне
төрағалық етуде.

