Қазақстанның мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Карин Қытайға жұмыс сапары
барысында China Media Group бас директоры Шэнь Хайсюнмен мәдени-гуманитарлық
ынтымақтастықты дамытудың әлеуетін талқылады. Кездесуге еліміздің ҚХР-ғы Төтенше және Өкілетті елшісі Шахрат
Нұрышев, Қазақстан Президенті телерадиокешенінің директоры Раушан Қажыбаева
және «Jibek Joly/Silk Way» телеарнасының директоры Еркежан Күнтуған қатысты. Мемлекеттік
кеңесші Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен елімізде жүзеге асып жатқан
реформалардың мән-мазмұны туралы айтты. Тараптар былтыр Қазақстанда өткен Silk Way Star
халықаралық байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтті. Жобаның
бірінші маусымының трансляциясы тек Қытайдың өзінде 1 млрд астам қаралым
жинаған. Мега жоба биыл Аспан асты елінде жалғасады. Жобаның екінші маусымының
түсірілімі шілде айында Иу қаласында өтеді деп күтіліп отыр. Қазақстан атынан
әнші Рухия Байдүкенова өнер көрсетеді. Бұдан бөлек Ерлан Қарин биыл қазан
айында жасанды интеллект технологияларын қолдану арқылы түсірілген фильмдердің
алғашқы халықаралық фестивалі – «Astana AI Film Festival - 2026» өтетінін
жеткізді.

