Қазақстан үкіметі Түркістанға ерекше мәртебе беретін заң жобасын ұсынды

«Түркі әлемінің рухани астанасы» - Түркістанға ерекше мәртебе берілуі мүмкін. Тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісінің қарауына енгізу туралы қаулыға Премьер-Министр Олжас Бектенов қол қойды. Құжат Түркістанның еліміздің рухани-мәдени және тарихи орталығы ретінде қалыптасуы мен дамуының, сондай-ақ оның мемлекеттік маңызын танудың құқықтық негіздерін белгілейді. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін шаһарға ерекше мәртебе беруде үкімет бірнеше мақсатты көздеп отыр. Бірінші кезекте, Түркістанды рухани-мәдени, тарихи және туристік орталық ретінде дамыту. Ол үшін қаладағы негізгі туристік нысандар, оның ішінде ішінде Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің бүкіләлемдік мұра объектісі ретінде қорғау мәселесі де басты назарда болады. Осы мақсатта, кесене жанында бөгде құрылыстарға жол бермеу қарастырылмақ. Сонымен қатар, ескерткіштердің тұтастығын, түпнұсқалығын, құндылығын болашақ ұрпақ үшін сақтау мақсатында Түркістан қаласы археология ескерткіштерінің резерваты құрылады.