Қазақстан Еуразия құрлығында интеграция мен әріптестікті нығайту процесіне белсенді түрде қатысып келеді. Ал экономикалық байланыс көлік транзиттік мүмкіндіктерді пайдаланғанда ғана күшейе түспек. Бұл туралы Мемлекет басшысы бірнеше рет айтты. Оның үстіне, дәстүрлі тасымалдау желілерінің біршама ескіргенін ескерер болсақ, бағыттар бойынша заманауи инфрақұрылым жасау мен жаңа дәліздер құрудың маңыздылығы жыл санап артып келеді.
Осы ретте Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне ерекше көңіл бөлінеді. Ол бірден екі ірі бағыт «Оңтүстік-Солтүстік» және «Шығыс-Батыс» дәліздерінің әлеуетін толық пайдалануға мүмкіндік береді. Осы мәселені шешу үшін былтыр ШЫҰ-на мүше елдердің мемлекет басшылары кеңесінің жиынында Қазақстан Президенті ірі порттар мен логистикалық орталықтар желісін құруды ұсынды.
Талғат Ластаев, ҚР Көлік вице-министрі:
– Порттарды құру өте маңызды. Каспий теңізінде біздің Ақтау мен Құрық порттарымыз бар. Олар қазір дамып, жаңғырту процесін өткеріп жатыр. Сонымен қатар, тереңдігі де ұлғайтылуда. Сондықтан, Транскаспий халықаралық көлік дәлізін дамыту жобасында осы порттардың маңыздылығы ерекше. Ол біздің Каспий теңізі жағалауындағы елдер, Еуропалық Одақ және Қытай үшін де аса маңызды. Біз осы көлік дәлізі арқылы тауарларды 15 күнге дейін тасымалдау мақсатын қойып отырмыз.
Мамандардың айтуынша, көлік түрлері барған сайын мультимодальды болып келеді. Сондықтан, оларды жаңартуға, Еуразиялық көлік желілерін жаңғыртуға және ашуға мүмкіндіктер пайда болуда.