ШЫҰ мүше мемлекеттер терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығын күшейтеді

ШЫҰ мүше мемлекеттер терроризмге қарсы күрестегі ынтымақтастығын күшейтеді

Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдері терроризм, сепаратизм және экстремизмге қарсы күрестегі ынтымақтастығын күшейтпек. Кеше Астана саммиті аясында Бірлестікке мүше мемлекеттердің көшбасшылары тиісті бағдарламалық құжатқа қол қойды. 2025-2027 жылдарды қамтитын келісімде арнайы теориялық және нақты тәжірибелік іс-шаралар кешені қарастырылған. Басты мақсат – түрлі идеологиялық құндылықтарды қаржыландыру және таратумен айналысатын түрлі қылмыстық ұйымдар қызметінің жолын кесу.

«Шанхай ондығы» теріс ағымдардың алдын алып, өз аумағында қауіпсіздік шараларын қалай нығайтатыны туралы Ұйымның өңірлік терроризмге қарсы құрылымы атқарушы комитетінің директоры эксклюзивті сұхбатында айтты. Руслан Мирзаев саммит аясында құрылған біздің арнаның мобильдік студиясының қонағы болды. Ол комитет жұмысының соңғы 20 жылдағы және өткен 2023 жылдағы осы мәселеге байланысты қол жеткен нәтижелерімен бөлісті.  

Руслан Мирзаев, ШЫҰ өңірлік терроризмге қарсы құрылымының атқарушы комитетінің директоры:

– Біз кейінгі 20 жыл ішінде 19 бірлескен антитеррорлық оқу-жаттығу өткіздік, 8 бірлескен шекаралық операция ұйымдастырылды. Өткен жылдың нәтижелері туралы айтатын болсақ, 4 кибер оқу-жаттығу өткіздік, біздің органдар мен арнайы қызметтер арасында жедел ақпарат алмасудың арқасында шамамен 750 тарта террористік және экстремистік сипаттағы қылмыс тергелді. Барлық құрылымдардың жұмыла әрекет етуінің нәтижесінде 180 жуық террорлық актінің алдын алдық.