Қазақстан Қатар және Сингапурмен инвестициялық келісімге тұрды

Қазақстан Қатар және Сингапурмен инвестициялық келісімге тұрды

Қазақстан Қатар және Сингапурмен инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау бойынша ынтымақтастық құрды. Мәжіліс тараптармен жасалған тиісті келісімді қабылдап, сенаттың қарауына жіберді. Еске сала кетейік, Катармен аталмыш құжатқа былтыр 12 қазанда Астанада қол қойылды. Ондағы басты мақсат – екі мемлекет аумағында инвесторлардың құқықтары мен мүдделерін қорғап, белсенді әрі тиімді жұмыс жасауына барынша жағдай жасау. Сонымен қатар шетел капиталының ағынын арттыру және елдеріміздің экономикалық әл-ауқатын жақсартуға бағытталған. Төменгі палата депуттаттары Қазақстан мен Катар өзара көпжақты қарым-қатынас аясын нығайтуға ниетті екенін жеткізді. Бұл ретте сауда және энергетика салаларында екі жақты әріптестіктің әлеуеті жоғары. Отандық өндірушілер араб мемлекетінің нарығына уылдырық, балық, ет және бал сияқты азық-түлік өнімдерін жеткізуге дайын.

Серік Егізбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Қазақстан газ өңдеу мен газ химиясын дамыту, сондай-ақ сұйытылған табиғи газ өндіретін зауыттар салу арқылы тауарлық көгілдір отынның ресурстық базасын ұлғайту және жоғары қосылған құны бар өнімдер шығару бойынша өз алдына маңызды міндеттер қойып отыр. Мемлекеттеріміз ынтымақтастық құрған ұзақ жылдар бойы өзара ашық саяси диалог және белсенді сауда-экономикалық, инвестициялық, мәдени-гуманитарлық әріптестікті одан әрі нығайтуға деген құлшынысы жоғары екенін танытып келеді.

Бұндай келісімді Қазақстан Сингапурмен 2018 жылы жасаған. Бұл мемлекеттің елімізге салған инвестициясы бүгінде 1 жарым млрд долларға жуықтады. Екі ел өзара сауда айналымы 2 млрд долларға жетті. Келісімді ратификациялау, депутаттардың пікірінше, Қазақстанға сингапурлық капиталдың бұдан да көп мөлшерде келуіне жол ашады. Қазір жүргізіліп жатқан жобалардың одан сайын дамып, жаңа өндіріс ашуға мүмкіндік береді. Оның ішінде цемент зауыты мен кофе жасау фабрикасының құрылысы бар.

Бақтықожа Ізмұхамбетов, Парламент Мәжілісінің депутаты:
-
Қаралып отырған келісімді қабылдау, көзделген жоспарларды іске асыруға ықпал ететін болады. Өйткені, ол инвестициялық жобалар мен құқықтық кепілдіктерді бере отыра, екі елдің инвестицияларына қолайлы жағдай жасайтын болады. Сингапур – инвестициялық тартымдылық, бизнесті жеңіл жүргізу бойынша және халықаралық рейтингтердегі көптеген үздік позициялар бойынша әлемде көшбасшы орынға ие. Сингапурдағы бизнес жобаларға салынған инвестициялар қауіпсіздіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ал Ұлттық заңнама басқа елдердің инвестициялық мүдделерін барынша ескереді.

Мәжілісте Қазақстанның инвестициялық салада тура осындай 49 екіжақты келісімге қол қойғаны туралы айтылды. Жыл соңына дейін тағы бір шарт Сауд Арабиясымен жасалады деп күтілуде.