Қазақстандық спортшылардың жарқын жеңісті сәттері көрмеде көрініс тапты

«Өткеннен болашаққа». Елордада Qazaq Olympic Style көрмесі ашылды. Көрмеге келушілерге еліміздің даңқты спортшыларының байрақты бәсекелерде киген киімдері, спорттық құралдары мен тарихи фотосуреттері қазақ спортшыларының Олимпиада және паралимпиада ойындарында кешкен эмоцияларын сезінуге мүмкіндік береді. Көрмеге қойылған экспонаттардың ішінде 2000-ыншы жылғы Сидней Олимпиадасының чемпионы Ольга Шишигинаның тарихи спорттық формасы, ел тарихында шаңғы қоссайысыннан Олимпиадаға тұңғыш рет қатысқан Шыңғыс Ракпаровтың спорттық жиынтығы және 1980 жылғы Олимпиадада өнер көрсеткен отандық спортшылардың қолтаңбасы қойылған бірегей кенеп бар. Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрмедгі қазақстандық спортшылардың жетістіктері өскелең ұрпаққа спортышларымыздың еңбегін бағалауға мүмкіндік береді.

Лея Хамитова, ұйымдастырушы:

-Біз ешкімде жоқ фотосуреттерді және сол спорттық формаларды ала алдық. Мәселен, оның ішінде Олимпиада чемпионы – Ольга Рыпакованың жарыс жолына шыққан киімі мен аяқ-киімін де осы көрмеге қойып отырмыз. Өздеріңіз білесіздер, дәл жеңіл атлетикада осы спорт түрі – ұзындыққа секіруден алтын медаль алған жалғыз спортшы. Сондай-ақ, 2006 жылғы Турин олимпиадасының да кадрларын көруге болады. Оның ерекшелігі – Дольче&Габаннаның өзі біздің спортшыларымыздың формасын жоғары бағалаған болатын. Осының барлығын біздің көрмеден тамашалауға болады.