ШЫҰ елдерінің ғалымдары бірлескен жобалар жасайды. Ұйым биыл алғаш рет ғылым өкілдеріне арнайы гранттар тағайындауды бастайды. Бұл жөнінде еліміздің сала министрі «Жоғары білім беру және өндірісті интеграциялау бағытындағы ынтымақтастық» атты симпозиумда мәлімдеді. Халықаралық шара ШЫҰ саммитінің аясында ұйымдастырылды.
Саясат Нұрбектің айтуынша, алдағы уақытта халықаралық бірлескен зертханалар құру көзделген. Бұған қоса, елімізде бірқатар шетелдік ЖОО филиалдары ашылады. Олардың арасында Бейжің Тіл және мәдениет университеті, Гонконг қалалық университеті мен екінші Лу Бань шеберханасы бар.
Саясат Нұрбек, Ғылым және жоғары білім министрі:
- Қытай мемлекеті біз үшін арнайы шешім қабылдады. Олар бір елде тек бір ғана шеберхананы ашуға рұқсат береді. Және біздің жетекші мемлекеттік, ұлттық университеттердің негізінде арнайы кафедралар ашылады. Енді біздің студенттерімізге қытай тілі екінші шет тілі ретінде ұсынылатын болады. Бұл неліктен маңызды? Қытай біздің үлкен көршіміз. Сауда, саясат және экономика жағынан да Қытайды біз түсінуіміз керек.
Сондай-ақ, жиын барысында «ШЫҰ-ға қатысушы елдердің жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастығы» кітабының тұсауы кесілді. Аты айтып тұрғандай іргелі еңбекте ұйым елдерінің жетекші университеттерінің жетістіктері қамтылған.