ШЫҰ: энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту

Шанхай ынтымақтастық ұйымы – ірі халықаралық құрылым ғана емес,  энергия көзін өндірушілер, тасымалдаушылар және тұтынушылардың басын біріктіретін алып нарық. Әлемдік ЖІӨ-нің 25% бөлігі тиесілі екенін ескерсек, ұйым елдері арасында энергетика саласында тұрақты әрі жүйелі байланыс орнатудың маңыздылығы күн санап артып келеді. Серіктестік аясын кеңейте  түсу қамында жуырда ғана ұйымның 2030 жылға дейінгі энергетикалық саясатын айқындайтын стратегиялық құжат қабылданды. 9 мемлекетті бір мүддеге ұйыстырған жоба Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жасалған. Құжатта ұйымға мүше мемлекеттердің энергетикалық қауіпсіздігі, жаһандық климаттық өзгерістерге қарсы күресу мақсатында атмосфераға тарайтын көмірқышқыл қалдықтарын азайту секілді негізгі бағыттар қамтылған. Қуат көзін өндірудің дәстүрлі жолдарынан бөлек, баламалы энергияға инвестиция тарту қарқынын үдету және осы салада тығыз әріптестік орнату қарастырылған. Бұл ретте Орталық Азия елдерінің Қамбар Ата су электр станциясы туралы келісімі ынтымақтастықтың игілігіне озық үлгі бола алады. 

Бүгінде Қазақстан, Қырғызстан мен Өзбекстан ауқымды жобаны бастап, оның құрылысына теңдей күш жұмсауға бел байлап отыр.

Таалайбек Ибраев, Қырғыз Республикасының Энергетика министрі:

– Дүниежүзілік банк кепілдемесімен жақын арада біз құрылыс жұмыстарын бастағалы отырмыз. Бүгінде техникалық-экономикалық негіз дайындап жатырмыз. Жоба қазір 4,5-5 млрд доллар сомасына бағаланып отыр. Бұл дегеніміз 1860 Мгвт қуат көзімен қамтамасыз етеді. Осының арқасында бүкіл Орталық Азияда электр қуатының ғана емес, су мәселесін да түбегейлі жабуға ниеттіміз.