Астанада Қазақстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің 24-ші отырысы өтіп жатыр. Тәуелсіздік сарайында мәртебелі меймандарды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарсы алды. Бұдан кейін қатысушылар конференция залына бет алды.
Ашылу салтанатында сөз алған Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ халықаралық қатынастар жүйесінде маңызды механизмге айналғанын және тұрақты дамуға елеулі үлес қосып отырғанын мәлімдеді. Президенттің айтуынша, ұйым мүшелері саяси қауіпсіздік, экономика мен мәдениет салаларында іргелі қарым-қатынас орнату арқылы бүтін Еуразия құрлығының даму векторына үлес қосып отыр.
Айта кетейік, биылғы саммит «Көпжақты диалогты нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбына арналады. Жаһандық өзекті мәселелерді талқылау үшін елордаға 16 елдің мемлекет және үкімет басшылары, бірқатар халықаралық ұйымдар келді. Сондай-ақ, 700-ден астам шетелдік және 200 шақты жергілікті тілші ШЫҰ саммитінен жаһанға жаңалық таратуда.