Кірістердің ашықтығы мен шығыстардың тиімділігін арттыру. Сенаторлар жаңа бюджет кодексі және оған ілеспе заңды екі оқылымда қарады. Мемлекет басшысының тапсырмасымен әзірленген құжат халықаралық стандарттар мен заманауи сын-қатерлерге сәйкес келетін елімізде икемді бюджеттеу жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Сондай-ақ, ол ел қазынасына қатысушылардың жауапкершілігін арттыруды көздейді. Яғни, қазір қолданыстағы заңнаманы түбегейлі жетілдіру мәселелері қамтылған. Талқылау кезінде Жоғарғы Палата депуттаттары оларға енген өзгерістерге концептуалды түрде қолдау білдірді. Дей тұра, ел игілігі қамындағы маңызды құжаттарға бірқатар ұсыныс енгізіп, қайта Мәжілістің қарауына жіберді. Түзетулердің дені өңірлерді дамытуға және қаржылық дербестікті қамтамасыз етуге арналған.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Жалпы жаңа Бюджет кодексінің қабылдануын атқарушы және заң шығарушы биліктердің Президентіміздің тапсырмасын іске асыру жолындағы өзара тығыз әрі тиімді жұмысының нәтижесі деп қабылдаймыз. Бүгін қаралған заңдар мемлекеттің фискалды саясатын тиімді іске асыруға және еліміздің стратегиялық құжаттарында айқындалған мақсаттарға қол жеткізуге мүмкіндік береді деп сенеміз.
Авторы: Жеңіс Ермұқанов

