«Ақорда» резиденциясында елімізге мемлекеттік
сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То
Ламды ресми қарсы алу рәсімі өтті.
Президент То Ламның Қазақстанға
алғашқы сапарына екі ел арасындағы мызғымас достықтың айғағы деп баға берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Вьетнам – Қазақстанның Азиядағы маңызды
серіктесі. Біздің өсіп-өркендеу жолындағы мүддеміз – ортақ. Мен екі жыл бұрын
Вьетнамға ресми сапармен бардым. Сонда екіжақты ықпалдастықтың жаңа бағыттарын
дамытуға уағдаластық. Алдағы уақытта да қос халықтың достығы нығая бермек. Мен
бұған кәміл сенемін. Біз ортақ мақсат-міндеттерге жету үшін күш жұмылдыруға
әрдайым дайынбыз.
То Лам қазақ жерінде көрсетілген сый-құрмет үшін алғыс
айтып, бүгінгі келіссөздердің нәтижесі Қазақстан мен Вьетнам арасындағы
қарым-қатынастың көкжиегін кеңейте түсетініне сенім білдірді.
То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің
бас хатшысы:
– Сіздің Вьетнамға жасаған сапарыңыздан кейін екі жыл
өткенде біздің делегацияның еліңізге арнайы келуі мемлекеттеріміздің
ынтымақтастығы қарқынды дамып келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар, өзара
сенім деңгейінің жоғары екеніне айқын дәлел. Қазақстан Вьетнамның Орталық
Азиядағы алғашқы стратегиялық серіктесіне айналады.
Келіссөз барысында өзара сауда-саттық көлемін ұлғайту
мәселесіне айрықша мән берілді. Былтыр екі ел арасындағы тауар айналымы 860
миллион долларға жеткен. Тараптар бұл көрсеткішті 2 миллиард долларға жеткізуге
ниетті. Сондай-ақ, туризм саласындағы бірлескен жұмыстың перспективасы туралы айтылды.
Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасында визасыз режим орнады, ал әуе қатынастарының
саны 40-тан асты. Осы ретте Мемлекет басшысы Вьетнам азаматтарының
қызығушылығын тудыруы мүмкін Қазақстандағы туристік аймақтарды зерделеуді
ұсынды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
– Қазір Қазақстан мен Вьетнам арасындағы
сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық қарқынды дамып келеді. Біз
аз уақыт ішінде бірқатар ірі жобаны жүзеге асырдық. Алдағы уақытта да өзара
тиімді байланыстарымызды кеңейтуге толық негіз бар. Сіздің осы тарихи сапарыңыз
және соның аясында қол қойылатын құжаттар қазақ-вьетнам қатынастарын одан әрі
күшейтуге тың серпін береді.
То Лам, Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің
бас хатшысы:
– Вьетнам мен Қазақстанның ортасында ондаған жылдар
бойына тығыз қарым-қатынас орнаған. 1959 жылдың тамыз айында біздің
Президентіміз Хо Ши Мин Қазақстанға ресми сапармен келген болатын. Бұл сапар
қос халық арасында дәстүрлі достық пен ұзақмерзімді серіктестіктің берік
негізін қалады. Қазақстан ертеректе еліміздегі ұлт-азаттық күреске көмек
көрсетті, қазіргі кезде де бізді жан-жақты қолдап келеді. Сол үшін Вьетнам
халқы мен партиясы сіздерге дән риза.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен То Лам келіссөздер қорытындысы бойынша Қазақстан мен Вьетнам арасында Стратегиялық серіктестік орнату туралы бірлескен мәлімдеме жасады. Және 8 бағыт бойынша құжаттарға қол қойылды. Олар технология, инновация, цифрлық трансформация, спорт салалары. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Телерадио кешені мен Вьетнамның ақпарат агенттігі арасындағы ынтымақтастық туралы келісім жасалды. Ал, Қызылорда облысы әкімдігі мен Хынг Йен провинциясы бауырластық қарым-қатынас орнатты. Қасым-Жомарт Тоқаев То Ламды І дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады.

