Технологиялық кәсіпкерлікті насихаттау, стартап-мәдениетін қалыптастыру, IT-саласы мен цифрлық білім беруді дамыту жаңа серпін алады. Осы мақсатта жаңа өңірлік Shymkent Hub технопаркі құрылды. Жергілікті стартаперлер мен IT саласындағы мамандар барлық жағдай жасалған орталықта өз жобаларын жүзеге асыруда. Негізінен жастардан құралған бұл орталық құлшына жұмысқа кірісіп кетті. Арасында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерге жеткендері де бар. Мәселен, отандық дрон өндірісі, қазақ тілін үйренуге арналған ережелер мен емлелер жинағы, жол қозғалысы ережелері, тарихи мәліметтер туралы ақпарат беретін мобильді қосымшалар дайын десек те болады. Жаңадан ашылған Shymkent Hub-та әр жас кәсіпкерге білікті сарапшылар көмектеседі.
Айта кетсек, жақын арада бейнебақылау жүйелерінің жаңа нұсқасы әзірленіп жатыр. Осылайша, полиция қызметі қылмысты әшкерелеу үшін нано-камераларды қолдануға мүмкіндік алады.
Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
– Жалпы, қалаларда камералардың саны артып келе жатқанын көруге болады. Оның ішінде түрлі Use Case-терді шешетін, бірқатар алгоритмдер тізбегі де арта түседі.
Одан бөлек, бұл орталық Astana Hub-тың білім беру және инкубациялық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін басты тұғырнамаға айналады. Мұнда белсенді IT-қауымдастық құру мақсатында тұрақты түрде кездесулер мен тренингтер өткізу жоспарланып отыр.