Қазақстанның Даму банкіне – 20 жыл. Осы уақытта ұлттық қаржы институты ел экономикасының түрлі салаларында: металлургия мен машина жасаудан бастап энергетика мен құрылыс материалдарын өндіруге дейін жүздеген жобаyы қаржыландырып, қомақты көрсеткіштерге қол жеткізді. Банкпен табысты ынтымақтастықтың айғағы болар игі бастаманың бірі – «Экотон+». Кәсіпорын 2003-2012 жылдар аралығында Даму банкінде рәсімдеген несиенің арқасында құрылыс материалдары нарығын бағындырды.
Бауыржан Баймұханов, «Экотон+» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы:
- Бұл зауыт 2004 жылы салынып, іске қосылды. Сол кездегі басты қаржы көзіміз болған Қазақстанның Даму банкі берген несиенің арқасында жоба сәтті жүзеге асты. Бұл қаржы институты бізге сенім білдірген алғашқы мемлекеттік банк болды. Бірнеше жыл бұрын жобалық қуаттан асып түстік. Жылына 220 мың текше метрге дейін өнім шығарамыз. Бұл шамамен бар жоспардың 110% құрайды. Әлеует әлі баршылық. Іске қосылғалы біздің материалдан 2 млн шаршы метр тұрғын үй бой түзеді.
Беріктігі жоғары, отқа төзімді, ылғал және аязға қауқарлы. Бұл қасиеттер осы материалдың бойынан табылады. Соған сай сұраныс жоғары. Елордалық өндіріс ошағынан бөлек, Ақтөбедегі зауыт 2008 жылдан бері жұмыс істеп тұр. Биыл Қандыағаш қаласында осындай кәсіпорын іске қосылды. Ал 2022 жылы дәл осы үлгіде Өзбекстанда тағы бір зауыт өндірісін бастайды. Экотон өнімі елдің бар өңірінде танымал болуында Атырау, Түркістандағы филиалдар мен өзге қалалардағы сенімді серіктестердің үлесі басым.
Арман Ғалиев, зауыттың өндіріс басқарушысы:
- Зауытта барлық үрдіс автоматтандырылған, оператор екі компьютер арқылы жабдықтың жұмысын бақылайды. Әр шикізаттың белгіленген тәртіпте іске асуын, мөлшерден ауытқымай жүруін қадағалайды.
Өндіріске озық үлгідегі неміс технологиялық жабдықтары енгізілген. Кәсіпорындар 700-ге тарта адамды тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етеді. Ең бастысы еліміздің құрылыс индустриясының дамуына қосар үлесі зор.