Қазақстанда 1 маусымға дейін Ұлттық жекешелендіру кеңсесі құрылады. Бұл – бәсекелестікті дамыту және мемлекеттің экономикадағы үлесін қысқарту үшін Мемлекет басшысының экономиканы ырықтандыру туралы Жарлығында көзделген алғашқы шаралардың бірі. Комиссия құрамына қоғам қайраткерлері, сарапшылар, соның ішінде құқық қорғау органдары, Қаржы министрлігі мен Экономика министрлігі өкілдері кіреді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінде атап өткендей, қазір жекешелендіру нысандарының тізімі қалыптастырылатын әдіснаманы құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл ретте бейінді ведомство жаңа монополиялардың пайда болу тәуекелдерін барынша азайтуға ниетті.
Марат Омаров, ҚР бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы:
– Біз үкімет құрамында жұмыс істемейтін орган ретінде сарапшыларды тарта отырып, тізім бойынша барынша ашық жұмыс істейміз. Айта кетейік, Жарлықта біз қалыптастыратын және кәсіпорынды бәсекелестікке беру жөнінде шешім қабылдайтын тізім Президент жанындағы реформалар жөніндегі жоғары кеңеспен бекітіледі.