2050 жылға қарай елімізде электр қуатын 2 есе аз тұтынатын болады

Энерготиімділік –  бүгінгі таңда әлемдік экономиканың трендіне айналды. Халықаралық энергетика агенттіктерінің болжамынша, көп ұзамай әлемнің жалпы ішкі өніміндегі энергосыйымдылықтың үлесі 30% азаяды. Тың жаһандық үрдіске дүниежүзінің қорын үнемдеу және баламалы қуат көздеріне көшуге қатысты шаралары өз септігін тигізбек. Дамыған елдердің осыған ұмтылған көшінен Қазақстан да қалыс қалмай келеді. Бұл жөнінде 20 мемлекеттің сала мамандары бас қосқан форумда айтылды.

Аманияз Ержанов, ҚР индустрия және  инфрақұрылымдық даму вице-министрі:

-  Жалпы ішкі өнімнің энергиясыйымдылығын 2008 жылдың деңгейімен салыстырғанда 2030 жылға дейін 30%, 2050 жылға қарай екі есеге төмендету міндеті қойылды. Тізілім субъектілері бір жарым мыңнан астам энергия аудитін жүргізді. Эергия үнемдеу және энерготиімділікті арттыру жөніндегі іс-шаралар жоспарын жүзеге асыруға шамамен 300 миллиард теңге инвестиция тартылды. Іске асыру нәтижесінде 78 миллиард теңге үнемделді. Бұл еліміздің дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін қарымды қадамның бірі  саналады.

Белгілі болғандай қуат қорының жартысына жуығы энергетика саласына жұмсалады екен. Өзгесін елдегі өндіріс ошақтары мен тау кен кешенініндегі ірі кәсіпорындар тұтынады. Қазіргі таңда олардың дені жаңартылған энергия көздерін пайдалануға көшіп жатыр. Ендігі мақсат қазақстандықтарды оны тиімді кәдеге жарата білуге үйрету.

Бауыржан Смағұлов, Электроэнергетика және энергия үнемдеуді дамыту институтының төрағасы:

- Қазіргі уақытта біз әлі де әлемдік көрсеткіштерден екі есе асып тұрмыз. Неліктен? Өйткені біз энергияны көп жұмсайтын елдердің біріміз. Біз жастайынан жылу мен энергияны үнемдеуге дағдылануымыз керек. Қоғамда энрготиімділік мәдениетін қалыптаситыру қажет. Бұны  өндірістік кәсіпорындардан бастап, бюджеттік ұйымдар мен халыққа түсіндіру керек. Үкіметтік ұйымдар ғана емес, әрбір азамат осыны қаперінде ұстаса ғана бұл шаралардың тиімділігі болады.

«Осыған бағытталған игі шаралар кешенінің шарапаты бүгінннен байқалуда» дейді, мамандар. Мәселен, Дүниежүзілік банкпен бірлесе қолға алынған «Қазақстандағы энерготиімділікті арттыру» жобасының аясында әлеуметтік маңызы бар 83 нысан қайта жаңғыртылды. Нәтижесінде қуат көзі 40% аз жұмсалды. Сондай-ақ ел көлемінде энего үнемдегіш технологиялар жаппай ендіріліп жатыр. Осыған қатысты Жол картасы әзірленді. Осының арқасында қуат көзін тұтынудың көрсеткіштері жақсарып, энерготиімділік саясаты оң жолға түсті.