Швейцария – Қазақстанның ірі инвесторларының бірі. Аталмыш мемлекет соңғы 15 жылда отандық экономикаға 28 млрд доллар құйды. Десек те қазақстандық бизнес те Конфедерация экономикасына инвестиция салуда. Алайда бұл инвестициялардың көлемі әлдеқайда аз. Сондай-ақ Швейцария – біздің елдің жетекші сауда серіктестерінің бірі. Онда отандық өнімдер жоғары бағаға ие. Отандық кәсіпкерлер альпілік аймақтарға энергия көздерін, асыл тастар мен металдарды, сондай-ақ ауылшаруашылық өнімдерін жеткізеді. Жақында екі ел бірігіп, еуропалық технологияны негізге ала отырып вагондар зауытын салуға ниетті.
Мейрам Пішембаев, Қазақстан машина жасаушылар одағының басқарма төрағасы:
- Біздің елмен «Stadler» компаниясы жұмыс істейді. Ол – жолаушылар вагондарын өндірушілер арасында әлемдік көшбасшы. Бұл компаниямен бірлескен іс жаңа құзыреттер, инвестициялар және жаңа технологиялар тартуға мүмкіндік береді.
Мартин Миллер, «Polymetrix a santian buhler company» компаниясының басқарушы директоры:
- Жақын арада біздің компания Тараз қаласында өсімдіктерді қайта өңдейтін кәсіпорын ашуы мүмкін. Қазақстан – территориясы жағынан үлкен мемлекет. Осындай үлкен аумаққа қайта өңдейтін бір кәсіпорын керек.
Орталық Азияда теңдесі жоқ «Astana» халықаралық қаржы орталығымен ынтымақтастық қарым-қатынастағы инвесторлар түрлі артықшылықтарға ие екенін айта кеткен жөн. Бүгінде халықаралық қаржы орталығы алаңында 8 швейцариялық компания тіркелген.
Алишер Абдрешев, ҚСЗИ ғылыми қызметкері:
- Швейцария үшін Қазақстанмен ынтымақтастықты дамыту өте қызықты тәжірибе. Алдағы жылдары екі ел арасындағы серіктестік нығая түсетініне сенімдімін.