Қазақстан машина жасау саласының қарқынын үдетпек

Мәселен, 2028 жылға дейін жалпы құны 1 тлн 700 млрд теңгенің 150-ден астам жобаны іске асыру жоспарланған. Бұл қатардағы 217 млрд теңгеге бағаланған 29 жобаны биылдан қалдырмай қолданысқа беру көзделген. Бұл еліміздегі автоөндіріспен қатар ауыл шаруашылығы, темір жол, электротехникалық, тау-кен мен мұнай-газ кешеніне қажетті көлік құралдарын жинауды қамтымақ. Саланың әлеуетін арттыру қамында қолға алынған кешенді жоспар аясында 5 жылда өндірісті 2 еседен аса, ал  экспорт көлемін 3 есе арттыру межеленген. Салалық министрлік өкілдерінің дерегінше былтыр осы бағытқа тартылған инвестиция рекордтық деңгейге жетіп, негізгі капиталға сырттан 500 млн доларға жуық қаржы кірген. Осы жылдың тек алғашқы тоқсанында бұл көрсеткіш 200 млн долардан асып жығылды.  

Марат Қарабаев, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі:

- Атап өтетін жайт, өңдеу өнеркәсібі салаларының ішінде машина жасау ең қарқынды дамып келе жатқан сала болып табылады. Салыстырмалы түрде  соңғы 5 жыл ішінде өңдеу өнеркәсіптің орташа өсу қарқыны 4,5% болса, машина жасаудың өсу қарқыны 17,6% құрап отыр. Жоспарланған жобалардың ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстандағы серіктестермен іске асырылатын біріккен жобаларда бар.

Үкімет басшысының айтуынша, мақсатты көрсеткіштердің қарқын алуына машина жасау саласын дамытудың кешенді жоспары тың серпін бермек. Қазір бұл құжатты әзірлеу жұмыстары белсенді жүргізіліп жатыр. Әлихан Смайылов қысқа мерзімнің ішінде жоспарды қабылдап, бекітуді тапсырды. Бұл маңызды іске индустирия және инфрақұрылымдық министрлікпен тиісті мемлекеттік органдар бірлесе білек сыбана кірісуі қажеттігін айтты.

 

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекеттік қолдаудың арқасында отандық кәсіпорындар тұрақты жұмыс орындарын құру, сондай-ақ жаңа өндірістер ашу және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына өз үлесін қоса алады. ҚР Индустрия және инфроқұрылымдық даму министрлігі машина жасау саласын дамыту жөніндегі жоспарларды орындау бағытында жұмысты күшейтуі қажет.