Қазақстандық демалыс орнына сертификатты тапсыру және жетістік нәтижесін ресми түрде бекіту рәсімі Шымбұлақтың ең биік нүктесінде, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Талғар асуы» станциясында өтті.
Шейда Субаши-Гемиджи, Guinness World Records кітабының ресми судьясы:
- Шымбұлақ тау курорты ресми түрде әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енгенін хабарлауға қуаныштымын. Бұл – жаңа әлемдік рекорд.
Асхат Оралов, ҚР мәдениет және спорт министрі:
- Бұл тарихи оқиға. Біздің Шымбұлақ тау курортымыз әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде әлемдік тарихқа – Гиннестің рекордтар кітабына енді. Бұл – алматылықтардың ғана жетістігі емес, бүкіл еліміздің мақтанышы. Барлығыңызды құттықтаймыз! Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан біз туризм кластерін дамытуға жан-жақты қолдау көрсететін боламыз. Жалпы, министрлік нақты қадамдар жасап, алдағы жеті жылға туризмді дамыту тұжырымдамасын әзірледі. Шымбұлақ – туризмді дамытудың негізгі бағыттарының бірі.
Шара соңында салтанатты түрде лента қиылып, түнгі ең биік шаңғы трассасынан жаппай шаңғымен сырғанап түсу рәсімі өтті. Айта кетейік, сырғанау 2021 жылдың қарашасынан бастап жүргізіле бастады. Осы уақыт ішінде жүздеген мың белсенді демалысты таңдаушылар кешкі уақытта ең биік нүктеден төмен қарай сырғанаған.