«Нұрлы жол» сапаржайында 17 маусымнан бастап «Ashyq» қосымшасы іске қосылады. Енді әр жолаушы ғимаратқа кіру үшін мобильді қосымшаның QR-кодын қолдануға немесе жеке сәйкестендіргіш номерін ұсынуға міндетті болады. «Қызыл» немесе «сары» белгісі бар адамдар нысанға кіре алмайды. «Бұл – қатерлі індеттің таралуына тосқауыл болу қамында қолға алынған мәжбүрлі шара», – дейді ұйымдастырушылар.
Ай соңына дейін жүйеге еліміздің барлық әуежайы мен сапаржайы қосылатын болады. Бүгінгі таңда «Ashyq» қосымшасын 2 млн-нан астам адам жүктеп алған. Қазір 10 мыңнан артық қазақстандық ұйым осы қызметті пайдалану арқылы жұмысын тоқтаусыз атқаруда. Қосымша іске қосылғалы оқшаулау тәртібін бұзған 7 мыңға тарта адам анықталды. Тәртіпті ескермегендердің 4 мыңнан астамы коронавируспен ауыратындар болса, 3 мыңы – байланыста болған азаматтар.
Виталий Пустовойтенко, «Ashyq» қосымшасын құрастырушы:
- Орта есеппен 7 мың адам өзінің жағдайын біле тұра әуежай, дәмхана, мейрамхана сынды халық көп шоғырланатын қоғамдық орындарға барған. Қазір сапаржайлар жүйеге қосылып жатыр. Бір науқас кемінде орта есеппен 5 адамға жұқтыруы мүмкін. 7 мыңды 5-ке көбейтсек, 35 мыңға тарта адамды індеттен арашалап қалдық деген сөз.