Жақында Қазақстанда онкогематологиялық науқастарды емдеудің жаңа серпінді әдісі пайда болмақ. Ұлттық биотехнология орталығының ғалымдары елімізде CAR-T терапиялық технологиясын ендіруге ниетті. Генетикалық инженерия зертханасының қызметкерлері ол үшін қараша айында Англияға барып, шетелдік мамандардың озық тәжірибесін меңгеретін болады. Толығырақ тілшіміздің эксклюзивті материалында.
Бүгінгі таңда қанның қатерлі ісігі ең көп таралған онкологиялық аурулардың ондығына кіреді. Мұндай гематологиялық ауруларын емдеудің негізгі әдісі химиотерапия. Кейбір жағдайларда науқастарға жасуша трансплантациясы жасалады. Алайда, емнің бұл түрі бәріне бірдей шипа болмайтыны анық. Дерт асқынған сайын дәстүрлі емдеу әдістеріне бой бермейді. Дәрігерлер ондайда науқасты емдеудің тиімді амалы ретінде CAR-T иммунотерапиясын қолданады.
Александр Шустов, генетикалық инженерия зертханасының меңгерушісі:
Бұл гендік-инженерлік технология мен жасушалық инженерияның гибриді, яғни қосындысы. Біз пациенттен иммундық жасушаларды аламыз. Кейін оларды арнайы өңдеуден өткізіп, ісік жасушаларымен күресіп, оларды жою үшін белсенділігін арттырамыз.
Еран Раманқұлов, ҚР БҒМ ғылым комитетінің «ұлттық биотехнология орталығы» РМК бас директоры:
Мемлекет арнайы ғылыми гранттар, бағдарламалар ұсынып отыр. Біз еліміздің Денсаулық сақтау министрлігінің бағдарламасы бойынша жұмыс істейміз. Бұл технологияны ендіру үшін арнайы қаржы бөлінді. Қымбат құрылғылар сатып алдық. Енді осы қондырғыларды меңгеріп, жаңа технологиямен жұмыс істеуге үйрену үшін қаржы керек. Келер жылдың соңына дейнін біз барлық қажетті материалдар мен реагенттерді жинап, алғашқы алты науқасты тәжірибе жүзінде емдеуді жоспарлап отырмыз.
Бұған дейін елдегі Ұлттық биотехнология орталығының зертханасында ұзақ мерзімді клиникалық зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Жаңа терапия алдымен «Инвитора» жасушаларында, кейін жануарларда, ең соңында ғана барып науқастарда сыналады.
Әйгерім Әкімжанова, тілші:
Қазақстанда бүгінде қан түзуші және лимфа тіндерінің дертіне шалдыққан жеті мыңға жуық науқас есепте тұр. Яғни, қатерлі қан ісігі бар адамдар. Жыл сайын мыңнан астам жаңа жағдай анықталады. Науқастардың дені ауруынан айығып шығады. Дейтұра олардың бестен бір бөлігі CAR-t технологиясы бойынша емдеуді қажет етеді.
Сарапшылардың пайымынша, болашақта бұл жоғары технологиялық терапия қатерлі ісік гематологиялық ауруларымен қатар созылмалы, аутоиммунды және жұқпалы дерттерді емдеу үшін де қолданылады. Яғни, оның емдік аясы әлдеқайда кең.