Адамзат баласының ғарыш кеңістігін бағындырғанына 60 жыл, сондай-ақ қазақтың тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіровтің космосқа ұшқанына 30 жыл толуына орай елордада 2 бірдей көрме ашылды. Ұйымдастырушылар қос көрмеге «Ғарышқа жол» деген ортақ атау берген. Жоба әзірлеушісі Ольга Скальчуктің айтуынша, оның бір бөлігін Мәскеудегі Космонавтика музейі арнайы дайындаса, екіншісіне Қазақстан, Ресей, Украина, Қырғызстан, Италия және Швейцария мемлекеттерінен 18 суретшінің туындылары енгізілді. Экспозицияда ежелден көк жүзіне үңіліп, оның құпиясын ашуға тырысқан адам баласының қиялындағы ғарыштың көріністерін, осы саладағы ғылыми ашылымдарға арналған еңбектерді тамашалауға болады.
Ольга Скальчук, көрме ұйымдастырушысы:
- Екі көрмеге 50-ден астам түрлі жанрдағы туынды қойылған. Қазіргі заманғы көрмеде бейнероликтер, мүсіндер, түрлі қондырғылар, фотосуреттер мен кескіндемелер болса, космонавтика музейі ұсынған көрмеде фотодеректер, құжаттар көрсетілген. Ондағы фотосуреттерде деректер, тақырыптық әңгімелер ұсынылған. Көрме 25 қазанға дейін жалғасады. 1991 жылы 2-10 қазан аралығында Тоқтар Әубәкіров ғарышта болған еді. Экпозиция осы тарихи сәттің фотосуреттерімен толықтырылады.
Авторы: Ақзер Сегізбай