Қазақстанда шетелге кеткен капиталды қайтарумен айналысатын арнайы комиссия құрылды. Оның аясында бес Жұмыс тобы әрекет етеді. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен кеңесте белгілі болды. Ынталандыру шараларының біріне сәйкес валюталық түсімнің 80%-іне айырбас жасалған жағдайда, қайтаруға ұсынылған қосымша құн салығы жеңілдетілген тәртіппен өтелуі мүмкін. Ал резидент еместерге дивидендтер төлеу кезінде салықтық жеңілдіктер жойылады.
Сондай-ақ «Трансферттік баға белгілеу туралы» заңды жетілдіруге бағытталған нормалар дайын. Үкімет басшысы Әлихан Смайылов комиссия жұмысының қорытындысы бойынша тиісті ұсыныстар Мемлекет басшысына жолданатынын жеткізді.