Қазақстанда бидай, ұн тапшылығы болады деуге негіз жоқ. Биылғы жылы ауа-райының қолайлы болуына байланысты егін жинау жұмыстары уақытылы және жоспар бойынша басталды. Бұл туралы еліміздің Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Үкімет отырысында мәлім етті.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
– Биылғы жылы 13,4 млн тонна бидай жинаймыз дейміз. Сол бидайдан былтырғы жылдан қалған өзіміздің қалдықтарымыз 2,5 млн тонна бидайымыз бар. Соның ішінде 360 мың тонна біздің азық-түлік келісім шарт корпорацияның қорында болады. Тұтынып отырған өзіміздің көлеміміз 6-7 млн. Сол себептен, қазір күтіліп отырған урожай дейміз ғой, урожай, қалдығымыз бәрі 3-4 есеге асып тұр өзіміздің тұтынатын көлемнен.
Сондай-ақ республикада ұнның бағасы арзандайды, деді Ербол Қарашөкеев. Оның айтуынша, бұл Ресей федерациясымен экспорттың қайта жандануымен қатар еліміздің оңтүстік өңірлеріндегі егіс науқанының аяқталуының арқасында жүзеге асырылып отыр. Алда Солтүстік өңірлердегі егіс науқаны бар.
Ербол Қарашөкеев, ҚР ауыл шаруашылығы министрі:
– Ахуал тұрақты, қазіргі нарықтың динамикасына қарағанда бидай да, ұнның бағасы өсуі емес төмендеуі, сәл төмендеуі күтіліп отыр. Сол себептен өзіміздегі бар қор толықтай жеткілікті. Бидайсыз, ұнсыз қалмаймыз. Мынау тамыз - желтоқсан айлары арасында Қазақстанда 1 млн 200 мың тонна ұн өндіріледі деп күтіліп отыр.
Үкімет басшысы элеваторлардың астықты қабылдауға және сақтауға дайын болуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар тиісті мекемелерге логистика мәселесін шешу жүктелді.