Қазақстандық 27 стартапер, жалпы, Орталық Азияны бірге санағанда 50 стартапер Кремний алқабында оқу және резидент атану мүмкіндігіне ие болды. Еліміздің Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, 10 үздік жоба AlchemistX Accelerator бағдарламасы бойынша іріктеліп алынды. Бұл – 10 жылдан астам уақыт бойы бүкіл әлемнен шыққан кәсіпкерлерді қолдаумен айналысып келе жатқан ұйым. Осының арқасында, өңірімізден шыққан стартаперлер Кремний алқабында 12 тамызда басталып, 10 апта бойы созылатын оқу курсына қатыса алады. Қалған 40 бизнесмен Silicon Valley Residency Program, Hero Training және Stanford Healthcare Innovation Lab бағдарламаларына қатысады. Аталған курстар сәл кейінірек басталмақ.
Айта кетейік, барлық бағдарламалар Орталық Азиядағы стартаптарды дамытуға бағытталған.
Рысты Исағұлова, ASTANA HUB бизнес-бағдарламалар кеңсесінің менеджері:
– Бұл бағдарламаға Дүниежүзілік банк қаржы бөледі. Стартаперлер тегін қатыса алады. Олар осы бағдарламаның аясында өз кәсіптерін дамыту үшін тегін көмек алады. Ең бастысы АҚШ нарығында жұмыс істейтін өз ісінің қас шеберлерінен дәріс алады.
– Бұл бағдарламаның Alchemist Acceleratorдан айырмашылығы – оқу үрдісі әлдеқайда қарқынды әрі ауқымды болады. Оған, мәселен, В2В стартаптармен айналысатын кәсіпкерлер қатыса алмайды. Бұл бағдарлама өзінің тиімділігін делелдеп үлгерді. Мысалы, былтыр, Citix компаниясы танымал инвестор Тим Дрейперден 1 млн доллар қаржы тартты. Бұл өте маңызды. Себебі, Дрейпер Tesla, Space X секілді алпауыттардың инвесторы.