Шетелдік инвесторлар Қазақстандағы бірнеше жобаларды жүзеге асыруға мүдделі. Мәселен, Ақмола облысында керамикалық тас өндіретін зауыт құрылысын аустриялық компания жүргізуге ниет білдіріп отыр. Қазір, өңір әкімдігінің мәліметінше, инвесторлармен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Шетелдік компания өкілдері танысу үшін өзінің каолин қорымен бай «Ельтайское» кен орнына да барып көріпті. Қазір, барлық қажетті ақпарат инвесторларға беріліп, оларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Ал, Алматы облысында халықаралық компаниялар 5 ірі жоба жүзеге асырмақ. Америкалық компания қытырлақ картоп жасайтын зауыт ашуға ниет білдірді. Ресейлік компаниялар болса, А санатындағы қоймалар салып, логистикалық кешендер құруды жоспарлап отыр. Ал Оңтүстік кореялықтар табак өнімдерін жасайтын өндіріс орнын іске қосуды көздеді. Сондай-ақ өңірде киім мен тұрмыстық заттар сату орталығы ашылады.