12 млн астам қазақстандық АЭС салу бойынша референдумға қатыса алады

12 млн астам қазақстандық АЭС салу бойынша референдумға қатыса алады

12 млн-нан астам қазақстандық Атом электр станциясын салу-салмау бойынша референдумға қатысып, шешім қабылдауға қатыса алады. Естеріңізге сала кетсек, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауында осы маңызды шешім тек халық рұқсатымен жүзеге асырылатыны туралы белгілі болып, күні де белгіленді. Осылайша, 6 қазан күні бүкіл Қазақстан аумағында және шетелдегі өкілдіктерде 10 327 учаске жұмыс істейді. Оның ішінде, 9 709 учаске – тұрақты мекенжай бойынша және 618 уақытша мекен бойынша ашылады. 63 шет мемлекеттегі отандастарымыз 78 учаскеде дауыс бере алады. Айта кетерлігі, референдумда тек бір сұрақ қойылады. «Қазақстанда Атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» деген сауалға қазақстандықтар «иә» немесе «жоқ» деп жауап береді.

Нұрлан Әбдіров, ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы:

- Жалпыхалықтық референдум – кең ауқымды жалпыұлттық диалогтың тағы бір көрінісі және халық үніне құлақ асатын мемлекет тұжырымдамасын іске асырудың жарқын үлгісі болмақ. Осындай қадамдармен Қазақстан жаңа қоғамдық-саяси мәдениетті қалыптастырады, негізгі мемлекеттік шешімдерді қабылдаудың жаңа стандарттарын белгілейді.