Шанхайдағы халықаралық импорттық көрмеде қазақстандық тауарлар таныстырылды

Шанхайдағы халықаралық импорттық көрмеде қазақстандық тауарлар таныстырылды

Қазақстандық компаниялар Қытайдағы халықаралық импорттық көрме аясында әріптестікті нығайту үшін келіссөздер жүргізуде. Өз кезегінде, ол әлемдегі ең ірілердің қатарына кіретін аспан асты елінің нарығына шығуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қытайдың тек ірі компанияларымен ғана емес, провинциялардағы шағын және орта кәсіпорындармен де байланыс орнатудың мүмкіндігі туады. Соңғы жылдары халықаралық көрмеде 130 отандық компания өз өнімдерін ұсынып, 260 млн долларға экспорттық келісім-шарттар жасасқан. Қазақстаннан бөлек, көрмеде өз тауарларын паш етуге 69 мемлекет келіп отыр.

Нұрлан Күлбатыров, «Qaztrade» сауда саясатын дамыту орталығы бас директорының орынбасары:
-
Ашық Қытай – бірінші кезекте, біздің елдеріміздің шағын және орта кәсібі үшін өз тауарын ұсынып, оны сатып, жақсы серіктес болудың мүмкіндігі. Қазір, тек тау-кен металлургиясы мен мұнай өндіру салаларында ғана емес, экономиканың өзге секторлары бойынша да бірнеше әлеуеті мол жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Агроөнеркәсіптік кешен, қайта өңдеу салалары бойынша әріптестік артып келеді. Менің ойымша, келешекте, «бір белдеу, бір жол» жобасы тек көлік-логистикалық байланысты нығайтып қана қоймай, қазақстандық тауарлардың экспортын дамытуға жол ашады.