Қазақстан мен Ресейдің шекара маңы ынтымақтастығы қарқынды дамуда. Пандемияға қарамастан Астрахань облысымен тауар айналымы биылғы жылдың алғашқы жартысында 8 млн 200 мың долларға жеткен. Аймақта қазақстандық компаниялардың қатысуымен 34 кәсіпорын жұмыс істейді. Астархань қаласында Қазақстанның бас консулдығының ашылуы осы байланыстарды тереңдетуге мүмкіндік береді. Бұл әлеует осы күзде Көкшетауда өтетін аймақаралық ынтымақтастық форумында қарастырылмақ. Онда туризм саласындағы жобаларға назар аударылмақ.
Ермек Көшербаев, Қазақстанның Ресейдегі төтенше және өкілетті елшісі:
- Ақтауда туристік аймақ пен қонақүйлерді дамыту үшін көп шара қолға алынып жатқанын білесіздер. Шаһар ресейлік туристерді құшақ жая қарсы алуға дайын. Жуық арада «Петр Великий» туристік лайнерінің құрылысы аяқталады. Ол Каспий теңізінде әр елдің портына қатынайтын болады.
Игорь Бабушкин, Астрахань облысының губернаторы:
- Қазақстан мен Астрахань облысы арасындағы қарым-қатынас жыл сайын артып, екі арадағы тауар айналымы да өсіп келеді. Алдағы уақытта да осы үрдісті жалғастыруға ниеттіміз. Біз әріптестерімізбен түрлі саладағы ынтымақтастық болашағын талқыладық. Бұған өнеркәсіп, өндіріс және ауыл шаруашылығы, туризм мен мәдени алмасу кіреді.
Екі арада гуманитарлық ынтымақтастық та тығыз. Астрахань облысында Құрманғазы атындағы мәдени орталық жұмыс істейді. Сондай-ақ 1,5 мыңнан аса қазақстандық студент білім алып жатыр.