Шағын және орта бизнесті қолдау шаралары Үкімет отырысында қаралды. Асқар Мамин бизнестің қарқынды дамуына барынша қолайлы жағдай жасау үшін ауқымды жұмыс жүргізіліп келетінін атап өтті. Нәтижесінде экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі 2021 жылға арналған кешенді жоспар өзектендірілді. Онда шағын және орта бизнес субъектілерін қолдаудың қосымша 60 шарасы қарастырылған. Бұл – бірқатар салықтық жеңілдік бөлігінде бизнеске жүктемені азайту, салықтық әкімшілендіруді оңтайландыру, қаржыландыруға қолжетімділікті кеңейту және т.б. шаралар.
Асқар Мамин, ҚР Премьер-Министрі:
- Биылғы жыл шағын және орта бизнестің қаржыландыруға қолжетімділігін кеңейту шеңберінде 47 мыңға жуық жобаны қамти отырып, 2,5 трлн теңгеден астам жеңілдікпен кредит беру ұсынылды. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары бойынша бизнестің өтінімдерін қарау мерзімдерін 21 күннен 5 жұмыс күніне дейін қысқарту жұмысы жүргізілді. Кредиттерді субсидиялау және оларға кепілдік беру шеңберінде мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру биыл 97% дейін ұлғайды. 2021 жылғы 1 сәуір мен 1 маусым аралығында шағын және орта бизнес субъектілері үшін еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтардың барлық түрін төлеу мерзімі кейінге шегерілді. Бұл бизнеске шамамен 200 млрд теңгені сақтауға мүмкіндік берді.
Авторы: Ақзер Сегізбай