Қазақстанда жол құрылысының тиімділігін арттыру
үшін ғылыми әзірлемелер ендіріледі. Битум мен топырақты берік ете түсетін
қоспалар, минералды ұнтақ және өңін кетірмейтін арнайы бояу жасалады. Жол
сапасын жақсарту мақсатында отандық зерттеушілер осындай бірқатар тың әдіс
ұсынып отыр. Бірегей материалдар шығынды 30% азайтып, автомагистральдың қызмет
ету мерзімін қазіргі 5 жылдан 7 жылға дейін ұзартады.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Біз бұл жаңа
тәсілдерді жол құрылысына тұрақты түрде енгізбес бұрын кемінде 2 жыл ауа
райының әртүрлі жағдайына сынап көреміз. Отандық ғалымдар жүргізген зерттеу
жұмыстарының бір бөлігін қазірдің өзінде өз жобаларымызда қолданамыз. Qarmet
және ERG аумағындағы қатты-қазба
материалдарының қалдықтарын зерттеуге былтыр кірісіп кеттік. Биыл оларды
сынақтан өткізуді жоспарлап отырмыз.
Қазақстанда 2035
жылға дейін 6 мың шақырым жол жаңғыртылады
Жалпы, Қазақстанда 2035-ші жылға дейін 6 мың
шақырымға жуық тасжолды жаңарту жоспарланып отыр. Биыл 13 мың шақырымы жөнделеді.
Жобаларға қатысушы отандық компаниялар үшін бірқатар жеңілдік қарастырылған.
Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:
- Шетелдік компаниялар
консорциумында тендерге қатысатын қазақстандық компаниялар үшін 23%-ке дейін
шартты жеңілдік беріледі. Бұл Қарағанды-Жезқазған және Ақтөбе-Ұлғайсын, сондай-ақ,
Сарыағаш қаласының айналма жолының құрылысына қатысты.

