Брюссельде Орта дәлізді дамыту әлеуеті талқыланды

Брюссельде Орта дәлізді дамыту әлеуеті талқыланды

Қазақстан мен Еуро одақ Орта дәлізді дамытуға баса назар аударуда. Еуропалық және халықаралық ұйымдардың, сондай-ақ еліміздің көлік компанияларының өкілдері инфрақұрылымды жаңғыртуға, цифрландыруға, өткізу қабілетін ұлғайтуға және еуропалық желімен интеграцияға ниетті. Брюссельдегі кездесуге қатысушылар Қазақстан мен осы өңір үшін Транскаспий дәлізі басты логистикалық жоба екенін атап өтті. Бұл ретте оның құрлықтық бөлігінің 80%-ке жуығы біздің ел арқылы өтеді. 2025 жылы осы бағыт бойынша 5 млн тоннаға таяу жүк тасымалданды. Биылғы жылдың бірінші тоқсанында 125 контейнерлік пойыз жөнелтілсе, сәуір айында Қытайдан тәулігіне алты құрам жөнелтіліп рекорд орнатылды.


Годфрид Смит, Еуропалық жүк жөнелтушілер кеңесінің бас хатшысы:


- Қазақстан – Орта дәліздегі негізгі ойыншы әрі Орталық Азиядағы маңызды экономика. Сондықтан экспорт пен импорт екі тарап үшін де аса маңызды және оны қамтамасыз ету қажет. Орта дәлізді белгілі бір деңгейде «бейбітшілік дәлізі» деуге болады. Ол Ормуз бұғазындағы қазіргі қиындықтарға балама бола алады, сондықтан болашаққа дәл осылай қарау қажет.

 

Цифрландыру бағыты да қарқынды дамып келеді. Қазақстан, Әзербайжан және Грузия жүк тасымалын үйлестіру және онлайн бақылау бойынша күш біріктірді. Сонымен қатар, жыл соңына дейін Қазақстан мен Әзербайжан Каспий теңізінің түбімен шамамен 380 шақырым байланыс желісін тартуды жоспарлап отыр. Жоба Еуропа мен Азия арасында қуатты сандық дәлізге айналады.


Пьер Боргольтц, Ferrmed Еуропалық көлік қауымдастығы консультативтік кеңесінің мүшесі:


- Қазақстан Қытаймен бірге трансконтиненталдық тасымалды дамытуда маңызды рөл атқарды. Маршрут ішінде жүйе жақсы жұмыс істеп тұр және ел оны белсенді түрде дамытып келеді. Сондай-ақ, бәсекеге қабілетті әрі экологиялық тұрақты «жасыл дәліз» құру маңызды.

Айта кетейік, Орта дәліз еуропалық «Global Gateway - Жаһандық қақпа» стратегиясына белсенді кіріктіріліп келеді. Жыл соңына дейін осы бағыт бойынша 600-ден 1000-ға дейін контейнерлік пойыз жөнелту жоспарланған. Бұл Қазақстанның Еуразияның негізгі транзиттік және логистикалық хабы ретіндегі рөлін күшейтеді.

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?