2024 жылы Қазақстанның жалпы ішкі өнімінің өсімі 5,3 % құрайды. Ал 2026-2028 жылдары оның көрсеткіші 6% дейін жетеді. Ұлттық экономика министрі сенатта елдің әлеуметтік-экономикалық даму болжамын ұсынды. Әлібек Қуантыровтың айтуынша, барлық дерлік салада оң динамика күтілуде. Әсіресе шикізаттық емес сектор экономиканың негізгі қозғаушы күшіне айналмақ. Осылайша, өнеркәсіптегі орташа жылдық өсу қарқыны 2024-2028 жылдары 4% ал өңдеу саласында 5% жуықтайды. Сондай-ақ осы уақытқа дейін елдегі орташа мұнай өндіру жылына 100 миллион тоннадан асады деп күтілуде. Сонымен қатар, министрліктің мәліметінше, ауыл шаруашылығы, құрылыс, қызмет көрсету, сауда, көлік, ақпарат және байланыс сынды салалардың өсімі қарқын алады.
Әлібек Қуантыров, ҚР
Ұлттық Экономика министрі:
-Экспорт көлемі 2024
жылы 83,1 млрд доллардан 2028 жылы 94,8 млрд долларға дейін ұлғаяды, импорт
60,7-ден 65,6 млрд долларына дейін өседі. Жалпы Мемлекет басшысының
тапсырмалары мен Парламент депутаттарының бастамалары Үкіметпен қабылданып жатқан
республикалық және жергілікті бюджеттердің кіріс базасын толықтыру бойынша
шаралар есебінен іске асырылатын болады. Бұл ретте, республикалық бюджеттің
кірістері 2024 жылы болжам бойынша 16,1 трлн теңгені немесе жалпы ішкі өнімге
қатысты 11,9% деңгейінде құрайды. Ағымдағы жылдың бағалауымен салыстырғанда
өсім 2,7 трлн теңгеге артық. Жоспарлы кезеңде олардың 2026 жылға қарай 18,4
трлн теңгеге дейін немесе 14,1 % өсуі күтілуде.
Сенат 2024-2026 жолдарға арналған бюджет жобасын мәжіліске қайтарды
Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев сенторларға «2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын таныстырды. Ол депутаттарға оның параметрлерінің қалыптасуын түсіндіре кетті.
Ерұлан Жамаубаев,
ҚР Қаржы министрі:
-2024 жылға арналған
түсімдер 20,4 трлн. теңге деңгейінде болжануда. Трансферттерді есепке
алмағанда, кірістер 16,1 трлн. теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80%
құрайды. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн. теңге көлемінде трансферт тарту
жоспарлануда, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн. теңге. Жалпы бюджеттің
шығыстары 2024 жылы биылмен салыстырғанда 1,5 трлн. теңгеге ұлғайып, шамамен 24
трлн. теңгені құрайды.
Бұл ретте, өңірлерді дамытуға республикалық бюджеттен 7 трлн теңгеден астам қаражат, яғни бюджет шығыстарының жалпы көлемінің 30%-ке жуығы қарастырылған. Экономиканың нақты секторын дамытуға шамамен 3 трлн теңге бағытталады, олардың бір бөлігі кәсіпкерлікті қолдауға жұмсалады. Ерұлан Жамаубаевтың сөзін тыңдаған сенаторлар 2024 жылға арналған шығыстарды 119 жарым миллиард теңгеге ұлғайту қажет деп санады. Осылайша, депутаттар заң жобасын осы және басқа да түзетулермен бірге Мәжілістің қайта қарауына жіберді.