Қазақстанда зияткерлік меншік құқығын қорғау тетіктері жетілдіріледі. Сенат осыған қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады. Құжат аясында саланың бірыңғай цифрлық платформасын енгізу көзделген. Оған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға жиналған, бөлінген, төленген сыйақы туралы мәліметтер мен басқа да бірқатар міндет жүктеледі. Яғни, жаңа платформа құқықтарды ұжымдық басқару жүйесінің ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, заң елде креативті индустрияларды дамыту, шығармашылық пен инновацияларды ынталандыру үшін тиісті жағдай жасауға ықпал етпек.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Сонымен қатар, хабар тарату
ұйымдарының айрықша құқықтарын нақтылайтын нормалар бар. Тауар таңбасын
тіркеуге қажетті сараптама жүргізудің жеделдетілген тәртібі де қарастырылды.
Көру қабілеті бұзылған азаматтарға ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету
мәселесі де назардан тыс қалмады. Жалпы, заң зияткерлік меншік құқығын қорғауды
жетілдіруге және креативті экономика секторын дамытуға тың серпін береді деп
сенеміз.

