Қазақстан Таяу Шығыстағы ахуалдың күрт шиеленісуіне терең алаңдаушылық білдіреді. Еліміз барлық текетіресті диалог пен дипломатиялық жол арқылы бейбіт шешуге бейіл. БҰҰ-ның Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднарагчамен кездескен Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев осылай деді. Оның айтуынша, Мемлекет басшысы өңір елдерінің дипломатиялық күш-жігерін қолдайды. Сондай-ақ, тараптар Орталық Азия аймағының қауіпсіздігін нығайтуда өзекті құрылымның біріне айналған Біріккен Ұлттар Ұйымының Алматыдағы Өңірлік орталығының маңызын талқылады. Әңгімелесу барысында елімізде жүргізіліп жатқан конституциялық реформаның іске асырылу барысына да назар аударылды. Мәулен Әшімбаев жаһандық сын-қатерлерге сай әзірленген жаңа Ата заң жобасында қоршаған ортаны қорғау және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ету қағидаттары бекітілгенін атап өтті.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының төрағасы:
- Қазір елде елеулі өзгерістер жүріп жатыр. 15 наурызда жаңа Конституция жобасы референдумға шығарылады. Жаңа құжат аясындағы маңызды бағыттардың бірі – жоғары өкілді билікті нығайту, екі палатаны біріктіріп, біртұтас парламент құру. Менің ойымша, бұл – парламенттік институттарды одан әрі күшейту үшін өте қажет әрі уақытылы қадам. Алдағы уақытта сіздермен де, Біріккен Ұлттар Ұйымының институттарымен де белсенді өзара байланысты нығайта түсеміз. Сондай-ақ, парламенттік комиссия Тұрақты даму мақсаттарын мониторингтеу жұмысын жалғастырады деп сенемін, өйткені бұл біз үшін стратегиялық жұмыс бағыты.
Саранго Раднарагча, БҰҰ-НЫҢ Қазақстандағы тұрақты үйлестірушісі:
- Біз кейінгі саяси реформаларды бақылап отырмыз, оның ішінде жаңа конституция жобасы бар. Оған қатысты рефрендум наурыздың 15-не белгіленіп отыр. БҰҰ өз тарапынан заңнамалық бағытта қолдау көрсетуге дайын. Атап айтқанда, жекелеген заңдарды әзірлеу және оларға өзгерістер енгізу мәселелері бойынша. Егер үкімет тарапынан осындай қолдау сұралса, көмек көрсетуге әзірміз.

