Сенат көші-қон мәселелерін реттейтін заң жобасын қарады

Қазақстанда төтенше жағдай кезінде шетелдіктердің қолданылу мерзімі өткен құжаттары жарамды деп танылады. Яғни, бұл басымдық  ел аумағында жүрген өзге мемлекет азаматы жеке басын куәландыратын құжатты ұзарту немесе ауыстырудың мүмкіндігі болмаған жадайда ғана қолданылады. Сенат осы және өзге де көші-қон мәселелеріне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Сондай-ақ құжатта қос азаматтықтың жолын кесетін нормалар қарастырылған.

Советбек Медебаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

-Қос азаматтықты болғызбау мақсатында Қазақстан азаматтығын алғаннан кейін басқа мемлекеттің азаматтығын растайтын құжаттарды пайдаланған жағдайда, Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтудың жаңа негізі енгізіледі. Айта кетсек, қолданыстағы заңнамада шет мемлекеттің азаматтығын алғаны үшін ғана Қазақстан азаматтығын жоғалтуды тіркеу көзделген.

Қандас мәртебесін беру тәртібі жетлдіріледі.

Сондай-ақ осы құжат аясында қандас мәртебесін және Қазақстан азаматтығын алу тәртібі жеңілдейді. Мәселен, заң жобасында үміткердің жеке басын немесе ұлтын растайтын басқа да  құжаттарда тиісті жазба болмаған жағдайларда, оны айқындау рәсімін жетілдіруге бағытталған түзетулер ұсынылды.

Советбек Медебаев, ҚР Парламенті Сенатының Депутаты:

-Бұл ретте, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне ұлты қазақ екенін айқындау ережесін әзірлеу және бекіту жөніндегі өкілеттігі бекітіледі. Осы мәселе бойынша шешімді жергілікті атқарушы орган ұлты қазақ екені туралы мәселелерді қарау жөніндегі комиссия құру арқылы қабылдайды. Ғылыми дәрежесі бар қандастарға қандас мәртебесін алған сәттен бастап бес жыл ішінде қоныстандыру өңірінен басқа өңірлерге мемлекеттік жәрдемақыны қайтармай өз еркімен көшу құқығы енгізілді.

Бұл ретте айта кетерлігі былтыр Қазақстан азаматтығына 27 мыңға жуық  адам қабылданды. Оның ішінде қандастардың саны 20 мыңнан асып жығылды. Жалпы тәуелсіздік жылдарында тарихи отанына 1 млн көп этникалық қазақ қоныс аударды.