Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Наурыз мерекесімен құттықтады.
Мемлекет басшысы өз сөзінде төл жаңа жылымыз Наурыз мейрамын ата дәстүрімізге
сәйкес барша жұртымыздың бір ел, бір халық болып қарсы алатыны жөнінде айтты. Бүгінде
Әз Наурыз күллі халыққа ортақ жалпыұлттық мерекеге айналды. Оны ұлтына, дініне
қарамастан барша жұртымыз ерекше күтеді, бірге атап өтеді.
Президент биылдан бастап Наурыз мейрамы 10 күн бойы
аталып өтіп жатқанына тоқталды. Наурызнамаға сәйкес, бүгін елімізде «Ынтымақ»
күні. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, жаңару мен жаңғырудың символына айналған
Наурыз мейрамы биыл қоғам дамуының жаңа кезеңін білдіретінін атап өтіп, барлық
азаматтың жүрегінен орын алатын іргелі құндылықтардың айқындалғанына назар
аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
-Еліміздің алдында биік мақсат тұр.
Бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Біз адал еңбек етіп, адал табысқа жете алатын
әділ қоғам орнатуымыз керек. Мұндай қоғамды адал азаматтар қалыптастырады. Бір
сөзбен айтсақ, әділдік пен адалдық – әрдайым қатар жүретін егіз ұғым. Сондықтан
біз құрып жатқан қоғамда баршаға бірдей мүмкіндік беріледі. Әділетті мемлекет –
бұл заң мен тәртіп үстемдігі. Озық мемлекет болу үшін бәріміз тек жарқын
болашаққа сеніммен қарауымыз керек. Біздің үмітіміз – жастар. Қазақстанның
келешегі сіздердің қолдарыңызда.
Болашаққа ұмтылу үшін тұрақты қозғалыс керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 4
ауқымды жобаны жүзеге асыру туралы айтты. Атап айтқанда, елімізде бірқатар жылу орталығы және инженерлік желілер
жаңғыртылады, 12 мың шақырым жол салу
мен жөндеу міндеті тұр. Сонымен қатар биыл 300
мың адам табиғи газбен қамтамасыз
етіліп, игілігін көреді. Сондай-ақ, ауыл мен аудан тұрғындарына айтарлықтай қолдау көрсетіледі. Осы мақсатта оларға арналған
жаңа
тұрғын үй бағдарламасы іске қосылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының
Президенті:
- Әлеуметтік жағынан осал топтағы
азаматтар үшін несие өсімі 7 пайыздан аспайтын болады. Ал жалға берілетін
баспана саны бірнеше есе көбейеді. Мұның бәрі халықтың тұрмыс сапасын
жақсартуға ықпал етері сөзсіз. Елге, халыққа арналған осындай игі шаралар
міндетті түрде жалғасын табады. Баршаңызды бүгінгі Көктем мерекесімен тағы да
шын жүректен құттықтаймын! Ұлыс оң болсын! Ақ мол болсын! Еліміз аман, жұртымыз
тыныш болсын!
Президент Алматыдағы «Наурыз Фест» халықаралық фестивалінде де
болды. Іс-шара Наурыз мейрамын тойлайтын елдердің – Орталық Азия елдері, Әзербайжан, Тәжікстан,
Түркия, Моңғолия және Башқұртстанның мәдениеті мен дәстүрін бір шаңырақ астына
біріктірді. Шетелдік қонақтар өздерінің декоративті-қолданбалы өнер туындыларын таныстырып, халық әндерін шырқады. Сондай-ақ, фестивальде интерактивті алаңқайлар, балалар шығармашылығы мен роботты техника аймақтары орнатылды.