Ел қазынасынан әлеуметтік салаға бағытталған қаржы көлемі ұлғайып, жалпы шығыстардың тең жартысына жуығын құрады. Сенат 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады. Қабылданған құжатта дәрігерлердің жалақысын, студенттердің стипендиясын ұлғайту, талапкерлерге арналған гранттар санын көбейтуді қамтып отыр. Коронавирус инфекциясымен және пандемияның зардаптарымен күрес жұмыстары қосымша қаржыландырылатын болады.
Атап айтқанда, дәрілік заттардың, медициналық мақсаттағы бұйымдардың қажетті көлемімен қамтамасыз ету және емдеу мекемелерінің медициналық жабдықтармен жарақтандырылу деңгейі арта түседі. Бөлінген қаражат елдегі инфрақұрылымдық жобаларға, ауылдарды жаңғыртуға жұмсалады.
Мәулен Әшімбаев, ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы:
- «Ауыл – ел бесігі» жобасын іске асыру үшін бөлінген қаражат көбейтіліп, 106 млрд теңгеге жетті. Осы қаржының есебінен мыңдаған жұмыс орнын ашу көзделіп отыр. Мыңнан астам әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылым нысанын салу, сондай-ақ жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Жұмыспен қамтудың жол картасын қосымша қаржыландыру арқылы 127 инфрақұрылымдық жоба іске асырылады. Сондай-ақ 5 мыңнан астам бизнес-жобаға несие беріліп, соның нәтижесінде 15 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Нақтыланған бюджет еліміздің экономикалық дамуына және халықтың әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз.