Қазақстан Alatau City жаңа инновациялық қаласының жобасын Оңтүстік Кореядағы роуд-шоуда таныстырды. Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бірегей бастаманы әлеуетті инвесторлар мен серіктестерге ұсынды. Ақылды шаһар болашақта технологиялық компаниялар мен экспортқа бағытталған өндірістердің орталығына айналмақ. Алматы облысының негізгі көлік дәліздерінің торабында орналасатын қаланың жалпы ауданы 88 мың Га құрайды. Бүкіл аумағы арнайы экономикалық аймақтың құрамына енгізілген. Мұнда бизнес үшін салықтық жеңілдіктер қарастырылған.
Президенттің арнайы Жарлығымен Алатау қаласына даму қарқыны озық қала деген
арнаулы мәртебе берілді. Үкімет жанынан оны басқару кеңесі құрылды. Форум
аясында Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасында энергетика, көлік, білім беру
және тұрақты даму салаларында меморандумдарға қол қойылды. Олардың ішінде -
жасыл өсімнің жаһандық институтымен, кореялық әуежайлар корпорациясымен және
KAIST келісімдері бар. Тараптар екіжақты ынтымақтастықтың оң қарқынын атап
өтті. Былтыр Корея Қазақстанның негізгі сауда серіктестері арасында 10-орынға,
ал инвестициялар көлемі бойынша 3-орынға шықты. Қатысушылар бірлескен
бастамаларды одан әрі дамытуға және экономикалық серіктестікті тереңдетуге
дайын екендіктерін білдірді.

