Үндістаннан Қазақстан тарихына қатысты тың деректер табылды

Барлығы 3700 парақтан тұратын 29 іс Үндістанның Ұлттық мұрағат қорларынан шықты. Былтыр арнайы сапар жасап, құжаттарды мұқият зерделеген Қазақстандық ғалымдар елге жеткізген көшірмелерін көпшілікке жария етті.

Жандос Болдықов, қолжазбалар және сирек кітаптар ұлттық орталығының директоры:

- Көбінің толық аты-жөні, қанша малы, қандай жағдайы болғаны, қандай мәдениетті ұстанып, қай тілде сөлегені туралы анықтамалары бар. Келген бойда оларға Үндістан тарапынан жақсы көмек көрсетілген. Медициналық көмек және ақшалай жәрдем берілді. 

Қытай, Тибет асқан Ұлы көш, яғни 3 мың 39 адам 4 мың жылқы, 3 мың түйе және 20 мың бас қоймен Үндістанға 1941 жылы жетті деген нақты деректер құжатпен бекітілген. Алыс әрі қиын сапардан әбден әлсіреген керуен жат жерге бірден бейімделе алмай үлкен шығынға ұшырайды.  

Жәди Шәкенұлы, Еуразия жазушылар одағының мүшесі

- Сол жерде өлім жітім, ауру-сырқау тарап 1500 адам сол кезде қатарынан шәйіт болды. Қазақтар сол жерде сергелдең болып жүргенде 51-ші жылы екінші көш олардың үстіне барды. Екі көш бірігіп Түркияға барды. Өткен жылы осы көштің 70 жылдығы аталып, деректі құжаттар филімі жасалды. Бала күнімнен ойыма  жатталған осы деректер мені Алтайдан Анадолы жеріне жетелеп, сол жолмен жүріп өттім. Осы тақырыпта «Қаралы көш» деген роман жаздым.

Отандық ғалымдар келер жылы Үндістан мұрағаттарына тағы терең зерттеу жасаймыз деп отыр. Жалпы бүгінге дейін «Архив-2025» жобасының аясында 10 шақты елге экспедиция ұйымдастырылып Қазақстан тарихына қатысты 7 мыңға тарта құжаттық деректер табылған.