Сарапшылар ШЫҰ саммитінде қол қойылған 25 келісімнің маңызы жөнінде пікір білдірді

Астана саммитінде Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары маңызды салаларды дамыту бойынша 25 келісімге қол қойды. Бұл құжаттар тараптардың түрлі мәселелері бойынша өзара ынтымақтастығын арттыруға бағытталған. Экология, логистика және туризм салаларында бірқатар уағдаластық жасалды. Білікті сарапшылар «Шанхай ондығы» мемлекеттерінің «үш зұлымдық күшімен» күресті күшейту жолында ымыраға келген құжаттар блогын ерекше атап өтті. Барлығының көздегені бір. Әрбірі бірыңғай кеңістіктегі елдердің ортақ игілігі мен ұлттық мүдделерін барынша ескереді.

Мәселен, Ынтымақтастықтың 2030-шы жылға дейінгі экономикалық даму стратегиясын жүзеге асырудың арнайы іс-шаралар жоспары бекітілді. Үзеңгілес елдер жобалық қызметті қаржылық сүйемелдеу тетіктері туралы да ортақ байламға келді. Мемлекет басшыларымен құпталған құжаттар тараптар арасындағы қарым-қатынасты реттеу арқылы жалпы құрылымның үйлесімді жұмысын қамтамасыз етпек. 

Ерсұлтан Жансейітов, Әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:

– Шанхай Ынтымақтастық ұйымының экономикалық бөлігіне қатысты көптеген шарттар жасалды. Оның ішінде Ұйым ішіндегі ұлттық валютадағы сауданың өсуі туралы келісім бар. Бұл қазіргі таңдағы ең өзекті мәселелердің бірі. Ынтымақтастыққа мүше елдер бүгінде бірінші кезекте Ұйым ішінде жаңа қаржылық тетіктер мен инфрақұрылымды құру туралы ортақ байламға келудің кезі жеткен сияқты. Бұл өз кезегінде әрбіріне бірдей қауіпсіз әрі тиімді болуы керек.