Астанада осы аптада Шанхай ынтымақтастық ұйымының аясында бірнеше кездесу жоспарланған. 19 маусымда Ұйымға мүше мемлекеттердің ғылым және техника жөніндегі ведомстволар басшыларының, ал 20 маусымда Көлік министрлерінің бейнеконференция форматында онлайн кеңестері өтпек. Бұл іс-шаралар Қазақстанның бастамасымен ұйымдастырылады. Онда салалық мәселелер қаралып, өзара порттар мен логистикалық орталықтарды дамыту тұжырымдамасын қабылдау межеленген.
Дәл осы күні елордада ШЫҰ Жастар кеңесінде мүше елдердің белсенділері экологиялық және орнықты болашаққа жол құру мәселелерін талқылайды.
Сондай-ақ Қазақстанның бас шаһарында аптаның соңғы жұмыс күнінде ұйымға мүше елдердің энергетика министрлері бас қосады.
Айбек Смадияров, ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі:
– Энергетика ведомстволарының басшылары Қазақстанның бастамасымен әзірленген «Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің энергетикалық ынтымақтастығын дамытудың 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған стратегиясын» қарастырып, бекітеді. Сонымен қатар, делегация басшылары Ұйым аясындағы энергетикалық ынтымақтастықты дамытудың стратегиялық тәсілдерін де талқылайды.