Сарапшылар: Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық әріптестікті дамытуда

Сарапшылар: Қазақстан мен Түрікменстан стратегиялық әріптестікті дамытуда

Саясаттанушылар мен сарапшылар Түрікменстан президентінің Қазақстанға мемлекеттік сапары аясында жасалған келісімдерді жоғары бағалайды. Олардың айтуынша, бұл екіжақты қарым-қатынастың жаңа көкжиегін ашады. Осы орайда көлік логистикасы саласындағы ынтымақтастық үлкен мәнге ие. Өзара алыс-берісті жолға қоюмен қатар, транзиттік тасымал әлеуетін арттыру маңызды. Қазақстан Түрікменстанды басып өтіп, Иранға және одан әрі Парсы шығанағына, ал Түрікменстан біз арқылы Қытай, Ресей және еуропалық елдердің нарқына тікелей шыға алады. Сондай-ақ, саясаттанушы Тайыр Нығманов қос тарап бірге Каспий теңізінің экожүйесін сақтауға сүбелі үлесін қоса алатынын айтады.

Таир Нығманов, Халықаралық қатынастар жөніндегі сарапшы:


- Біз ондаған жылдар бойы дипломатиялық жұмысты Каспийдің мәртебесін реттеуге арнадық. Себебі теңіздің аумағын бөлу мәселесі аса өзекті. Тараптардың бейтарап сулар мен қайраңдарға қатысты көптеген сұрақтары туындайды. Түрікменстан Каспий маңы мемлекеттерінің бір болғандықтан осы дипломатиялық үрдістердің бәрінің қатысушысы болды. Бұл бір жағынан. Ал, екінші жағынан, біз қазір Каспийдің экологиясы мен тартылып баратын теңіз суының аса өзекті мәселелері бойынша да өзара іс-қимыл жасауға мәжбүр болып отырмыз. Президентіміз БҰҰ алаңында осы мәселеге тағы әлемнің назарын аударды.


Сонымен қатар, Қазақстан мен Түрікменстан цифрландыру саласындағы өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті. Мәселен, елдер Маңғыстау облысындағы Темірбаба және Түркменстанның Бекдаш өткізу бекеттерін түйістіретін теңіз түбі арқылы талшықты-оптикалық желісін салу жөніндегі бірлескен жобаға кірісті.  Жаңа желі халықаралық байланыс арналарының өткізу қабілетін арттыруға және Орталық Азияның транзиттік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді. Яғни, өңірдің өзара байланысын арттырмақ. Жобаны бір жыл ішінде жүзеге асыру межеленген.


Азамат Серіктаев, ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің басқарма басшысы:

– Бұның елімізге тиімділігі қаншалықты десек, біріншіден оның  экономикалық әсері. Ол, сондай-ақ трафик транзитін әртараптандыру үшін қолға алынған жоба. Трафик транзиті жыл сайын өсіп келеді. Берілетін ақпараттың көлемі орта есеппен 1,5-2% артуда. Сондықтан халықаралық және басқа елдердің операторларымен байланысаты жақсарту үшін түйісу нүктелерін дамыту қажет. 

1. Жасанды интеллектті қолданасыз ба?